date

Хусанов «Ситиде» көшбасшыға айналды: ол Асенсиодан жоғары бағалануда

Хусанов «Ситиде» көшбасшыға айналды: ол Асенсиодан жоғары бағалануда

Өзбекстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Абдуқодир Хұсанов еуропалық футболдағы ең жарқын жаңалықтардың біріне айналуда. 22 жастағы футболшы ағымдағы маусымда өз мансабында үлкен серпіліс жасап, «Манчестер Сити» сапында қосалқы құрамнан негізгі құрам ойыншысына дейінгі жолды өте қысқа мерзімде жүріп өтті.

Хосеп Гвардиола бастаған командада Хұсанов қорғаныс шебінің сенімді тірегіне айналды. Әсіресе, қаңтар айында командаға қосылған Марк Гехимен бірге қалыптасқан орталық қорғаныс тандемі «қалалықтардың» қорғаныс әлеуетін одан әрі күшейтті. Олар ең қиын және принципті кездесулерде де тұрақты ойын көрсетіп, команданың нәтижелеріне айтарлықтай үлес қосуда.

Бүгінгі таңда Абдуқодир Хұсанов тек өз клубында ғана емес, бүкіл Еуропа ауқымында ең сенімді орталық қорғаушылардың бірі ретінде бағалануда. Оның алаңдағы сабырлығы, позиция таңдау шеберлігі және екі түрлі позицияда ойнай алу қабілеті оны құнды футболшыға айналдыра түсуде.

Футбол сарапшысы Васант Балан да өз пікірінде Хұсановты жоғары бағалады. Ол «Реал Мадрид» қорғаушысы Рауль Асенсиомен салыстыра отырып, дәл өзбекстандық футболшының мерейі үстем екенін атап өтті.

«Хұсанов тіпті «Энфилдте» «Ливерпульге» қарсы ойындарда да жоғары деңгейде өнер көрсетті. Тіпті «Реалға» есе жіберілген екі кездесуде де, Мадридте болсын немесе Манчестерде болсын, ол еш сасқалақтамай, қателіксіз ойнады. Ол осындай деңгейге жетті. Ол үлкен қысым астында да қатесіз ойнай алады және ешқашан абыржымайды», — деп атап өтті сарапшы.

Сонымен қатар, Хұсановтың командадағы нағыз сенім символына айналғаны ерекше айтылды. Ол алаңда болса, қорғаныстағы тұрақтылыққа деген сенім артады. Бұл кез келген топ-клуб үшін өте маңызды фактор болып табылады.

«Қазір Абдуқодир нағыз сенім тірегіне айналды. Яғни, ол құрамда болса, бәрі жақсы болатынына сенесің. Сондай-ақ, ол әрдайым қорғаушыларға өте жақсы қолдау көрсетеді. Сондықтан мен Хұсановты таңдаймын. Хұсанов Асенсиодан мықтырақ», — деді Васант Балан.

Еске сала кетейік, Абдуқодир Хұсанов осы маусымда «Манчестер Ситимен» бірге Англия лигасының кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ, команда Премьер-лигада көш бастап, чемпиондыққа басты үміткер ретінде қарастырылуда. Ал Англия кубогында жартылай финалға дейін жетіп, жүлде үшін күресті жалғастыруда.

Жеке көрсеткіштері де назар аударуға тұрарлық: Хұсанов қаңтар және наурыз айларында «Манчестер Ситидің» ең үздік футболшысы деп танылды.

Қысқасы, Абдуқодир Хұсанов қазіргі бабымен тек өз клубында ғана емес, әлемдік футболда да үлкен абыройға ие болу жолында нық қадам басып келеді. Егер ол осы қарқынды сақтап қалса, оны бұдан да биік белестер күтіп тұрғаны анық.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Спорт » Хусанов «Ситиде» көшбасшыға айналды: ол Асенсиодан жоғары бағалануда