АҚШ тұрғындары деректер орталықтарының құрылысына қарсы шығуда

Gallup жүргізген жаңа сауалнама АҚШ-та деректер орталықтарын (data-center) салуға деген наразылықтың күрт артқанын көрсетті. Қазіргі таңда американдықтардың 70 пайызы мұндай нысандардың өз үйлерінің жанында орналасуына қарсы. Салыстырмалы түрде алсақ, бұрынғы сауалнамаларда бұл көрсеткіш 47 пайызды құраған еді. The Washington Post басылымының жазуынша, халық ірі деректер орталығынан гөрі атом электр станциясымен көрші болуды артық көреді. Бұл туралы Ixbt.com хабарлайды.
Жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы деректер орталықтарына деген сұранысты арттырып жіберді, бұл бүкіл ел бойынша әлеуметтік дауларды тудыруда. АҚШ-тың 69 юрисдикциясында мұндай құрылыстарға шектеулер немесе мораторийлер енгізілген. Қоғамдық наразылық пен саяси қысымның салдарынан көптеген жобалар тоқтап қалуда.
Наразылықтың басты себептерінің бірі – электр энергиясы желілеріне түсетін жүктеменің артуы және соның салдарынан электр төлемдерінің қымбаттауы. Кейбір аймақтарда инфрақұрылымның кеңеюі аясында баға 267 пайызға дейін көтерілген. Сондай-ақ, халық шу, су ресурстарының шамадан тыс көп жұмсалуы және экологиялық зардаптардан алаңдаулы.
Бұл жағдай бүкіл жасанды интеллект индустриясы үшін күрделі мәселеге айналуда. Жобаларды келісу мерзімдері созылып, рұқсат алу процесі қиындап барады. АҚШ үкіметі ірі технологиялық компанияларды инфрақұрылымды дамытуды өз қаражаттары есебінен қаржыландыруға шақырғанымен, әзірге жағдайда айтарлықтай өзгерістер байқалмады.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!