Google Search қолданушылары DuckDuckGo іздеу жүйесіне ауыса бастады

Google өз іздеу жүйесіне жасанды интеллект функцияларын белсенді енгізгеннен кейін DuckDuckGo платформасын жүктеп алу және келушілер саны күрт өсті. Google әзірлеушілер конференциясында дәстүрлі сілтемелер тізімінің орнын AI-жауаптар басқан жаңа іздеу нұсқасын ұсынған болатын. Жүйе енді деректерді жинақтау, күрделі тапсырмаларды орындау және диалог режимінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие. Бұл туралы Ixbt.com хабарлайды .
Алайда, көптеген қолданушылар бұл өзгерістерді теріс қабылдады. Сыншылардың пікірінше, AI-қорытындылар іздеу сапасын нашарлатады және тәуелсіз сайттар мен медиа ресурстарға өтетін трафикті азайтады. Жасанды интеллект функцияларын өшіру мүмкіндігінің шектеулі болуы және олардың қарапайым іздеуге терең интеграциялануы адамдардың наразылығын тудыруда.
Осы аяда DuckDuckGo АҚШ-та қосымшаны орнату көрсеткіші 20-25 мамыр күндері орташа есеппен 18,1 пайызға артқанын тіркеді. Apple iOS платформасында жүктеп алулар орташа есеппен 33 пайызға, ал кейбір күндері 70 пайызға жуық өсті. Сондай-ақ, қолданушылар арасында AI-қорытындыларсыз және автоматты түрде жасалған суреттерсіз жұмыс істейтін арнайы іздеу режиміне қызығушылық 22,7 пайызға артты.
DuckDuckGo негізін қалаушы Габриэль Вайнберг Google бағытын сынап, қолданушыларға AI функциялары мәжбүрлеп таңылғанын атап өтті. Соған қарамастан, DuckDuckGo жасанды интеллекттен толық бас тартқан жоқ. Компания Anthropic, OpenAI және Meta модельдерін пайдалануға мүмкіндік беретін Duck.ai қызметін дамытуда, бірақ онда қолданушының құпиялылығы мен деректер қауіпсіздігіне басты назар аударылады.
Қазіргі таңда Brave, Ecosia және Startpage сияқты баламалы іздеу жүйелері де белсенділік танытуда. Жағдай көрсеткендей, ірі платформалар іздеуді жасанды интеллектпен диалогқа айналдырып жатқанда, қолданушылардың бір бөлігі қарапайым сілтемелерді, дереккөздерді қолмен таңдауды және процесті дербес бақылауды жөн көреді.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!