
Ташкент облысының Аҳангаран ауданында «Central Asia Smart City» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба жалпы құны 10 миллиард долларды құрайды және бұл аймақтағы басқа ірі жоба — Tashkent Medical Smart City-ден екі есе үлкен.
Жобаны Ташкент облысы әкімдігі талқылауға қойған. Аталған мегажоба «Going Investment» бірлескен кәсіпорны арқылы жүзеге асырылады.
Бұл кәсіпорында Франция, Жапония, Түркия және Өзбекстан инвесторларының қатысуы бар. Құрылысқа 6 400 гектар жер бөлінген және бірінші кезеңде 500 гектар аумақта негізгі инфрақұрылым нысандары бой көтереді.
«Central Asia Smart City» концепциясы 200 мың адамға арналған «ақылды жасыл қала» құруды қамтиды. Жобаның бастапқы кезеңінде Орталық Азия қаржы орталығы, сауда-логистикалық кешен, сондай-ақ туризм және көлік салаларында халықаралық орталықтар салу жоспарланған.
Сондай-ақ, жобада 75 мың орындық кампусы бар Әл-Хорезми атындағы халықаралық білім және технологиялар орталығын құру да көзделген. Жобаның басты мақсаты — экологиялық тұрақты және технологиялық дамыған қалалық орта құру.
Жаңа қаланы Ташкентпен және облыстың басқа орталықтарымен байланыстыру үшін жылдам трамвай желісін (light rail) салу жоспарланған. Бұл бағыт Ташкент – Нурафшан – Central Asia Smart City – Алмалық – Аҳангаран маршруты бойынша өтеді.
Жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде жүзеге асырылады. Өзбекстанда «ақылды қалалар» концепциясы тек Ташкент агломерациясында емес, басқа өңірлерде де дамып келеді.
Мысалы, ежелгі Самарқанд және Бұхара қалаларында да осындай, бірақ шағын жобалар іске асырылуда. Бұл жобалар цифрлық технологияларды қаланы басқару мен инфрақұрылымға интеграциялау арқылы туристерді тартуды және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Аҳанғаран ауданында 10 млрд долларлық қала салынады
Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз Тақырыпқа қатысты жаңалықтар