
Еңбек саласындағы маңызды жаңалық - енді Өзбекстанда жұмыс уақытынан тыс жұмыс істеген қызметкерлерге екі есеге дейін ақы төленеді. 11 ноябрьде қабылданған 1095-санды заңға сәйкес, жұмыс уақытынан тыс жұмыстың алғашқы екі сағаты үшін кемінде 1,5 есе, 2 сағаттан артық бөлігі үшін кемінде 2 есе мөлшерінде жалақы төлеу міндеттелді.
Заң еңбек қатынастарын заман талаптарына бейімдеуді, қызметкерлердің құқықтарын нығайтуды және азаматтардың еңбекке деген ынтасын арттыруды көздейді. Құжатта сондай-ақ жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін кеңейтуге және Көші-қон агенттігінің өкілеттіктерін нақты анықтауға қатысты өзгерістер де көрсетілген.
Енді жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктері жұмыс іздеп жүрген азаматтарды мамандықтар мен шет тілдеріне оқыту курстарын ұйымдастырып, осы үдеріске шетелдік жұмыс берушілерді де тарта алады. Сондай-ақ олар депозиттегі қаражаттардан алынатын пайыздық кірістерді дербес басқару құқығына ие болды.
Заңға енгізілген тағы бір маңызды өзгеріс - жұмыс уақытынан тыс жұмысқа жылдық шектеудің алынып тасталуы. Бұрын мұндай еңбек жылына 120 сағаттан аспауы керек еді, енді бұл талап алынып тасталды.
Еңбек кодексіндегі бұл өзгеріс жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қарым-қатынасты ашық, мөлдір және әділ етуге қызмет етеді деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, жақында қабылданған басқа заңмен Өзбекстан азаматтарына алғаш рет ресми түрде ереуіл жасау құқығы да кепілдендірілген болатын.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.