date

1 қаңтардан бастап өмір сүруді жеңілдететін ауқымды реформалар басталады

1 қаңтардан бастап өмір сүруді жеңілдететін ауқымды реформалар басталады

2026 жылдың 1 январынан бастап Өзбекстанда халықтың өміріне тікелей әсер ететін ауқымды өзгерістер күшіне енеді. Жаңалықтар әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, көлік, білім беру, цифрландыру, экономика және құрылыс салаларын қамтып, мемлекеттік қызметтерді ашық, жедел және адам мүддесіне жақындатуға бағытталған.

Әлеуметтік сала: артық қағазбастылыққа тосқауыл қойылады

Енді жүктілік және босану бойынша жәрдемақы азаматтардан өтініш талап етпей, автоматты түрде тағайындалады және төленеді. Бұл процесс жаңа мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан үздік оқушылардың демалыс және сауықтыру лагерлерінің шығындары мемлекет есебінен өтеледі.

Сондай-ақ, Әлеуметтік қорғау реестріне енгізілген отбасылар өздерінің кәсіпкерлік қызметін жолға қою үшін пайызсыз несие алу мүмкіндігіне ие болады. Паралимпиадалық спортты дамыту мақсатында арнайы орталықтар құрылып, спорт мектептері паралимпиадалық бағытқа мамандандырылған. 15 январьдан бастап халық санағы басталады.

Денсаулық сақтау: тегін қызмет көрсету аясы кеңейеді

Әлеуметтік қорғауға мұқтаж топтар мен кейбір ауруларға шалдыққан науқастар үшін тегін медициналық қызметтер тізімі кеңейтіледі. Сирек кездесетін және тұқым қуалайтын аурулар жеке тізімге енгізіледі. Балаларды дәрі-дәрмекпен және медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі толық дерлік - 99 пайызға жеткізіледі. Барлық медициналық техника мен құралдар міндетті мемлекеттік тіркеуден өтеді.

Көлік: ережелер нақты, жүйе ашық

Мопед және скутер жүргізушілері үшін жаңа "А1" санатындағы куәлік енгізіледі. Автокөлікті сақтандыру бойынша төлем сомалары ұлғаяды, "әдемі" мемлекеттік нөмірлерді аукцион арқылы сату тәжірибесі жойылады. Термез қаласында қоғамдық көлікте қолма-қол ақшасыз төлем жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі.

Білім беру және тіл саясаты: тиімділік бірінші орында

Мектептер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің басшылары тиімділік көрсеткіштері негізінде ынталандырылады. Жаңадан салынатын тұрғын үй кешендеріне тек мемлекеттік тілде атау беру талап етіледі. Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тіл және руханият мәселелері бойынша кеңесші лауазымы құрылады.

Цифрландыру: қызметтер - онлайн, бақылау - автоматты

Тұрмыстық қалдықтар үшін төлемдер толығымен электронды жүйеге көшіріледі. Мемлекеттік органдар азаматтардан қағаз құжат талап етпейді. Нотариалдық қызметтер жеңілдетіліп, жеке басын растау биометриялық технологиялар арқылы жүзеге асырылады. U-Gaz ақпараттық жүйесі барлық газ құю станциялары үшін міндетті болады.

Экономика және бизнес: кәсіпкерге деген сенім артады

Кәсіпкерлерді тексеру тек негізді жағдайларда ғана жүргізіледі. Салық есептері автоматты түрде қалыптасады, айыппұлдар мөлшері азаяды. Өзбекстан азаматтарына АҚШ компанияларына тікелей инвестиция салу мүмкіндігі жасалады. Әйелдер бизнесі үшін жеңілдетілген несиелер бөлінеді, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтыған кәсіпкерлерге субсидиялар беріледі. Электрондық төлемдер үшін бірыңғай QR-код жүйесі іске қосылады.

Құрылыс және мемлекеттік басқару: ашықтық және жауапкершілік

Үлестік құрылыс тек эскроу шоттары арқылы жүзеге асырылады. Көпқабатты үйлердің белгіленген биіктігін өзгертуге тыйым салынады. Әкімдіктер халыққа кешенді қызмет көрсету орталықтарына айналады, мемлекеттік қызметкерлер үшін KPI жүйесі және міндетті медициналық тексеру енгізіледі.

Қысқаша айтқанда, 1 январьдан бастап өміріміздегі көптеген үдерістер жеңілдеп, ашықтық артады және мемлекеттік қызметтер азаматқа жақындай түседі. Бұл өзгерістер - болашаққа бағытталған нақты қадам.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Өзбекстан » 1 қаңтардан бастап өмір сүруді жеңілдететін ауқымды реформалар басталады