Кореяда заңсыз жұмыс істейтін өзбекстандықтар көбейіп келеді

Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жатқан өзбекстандық еңбек мигранттары арасында заңсыз мәртебеге өтіп жатқандар саны соңғы кездері күрт артып келеді. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш шамамен 9 пайызды құрайды. Егер ол 10 пайыздық шектен асса, Корея Республикасының Әділет министрлігі Өзбекстан азаматтарына виза беруді толық тоқтату мәселесін қарастыруы мүмкін.
Бұл туралы Өзбекстанның Оңтүстік Кореядағы елшісі Алишер Абдусаломов 17 январьда Ташкентте елшілер мен кәсіпкерлердің қатысуымен өткен кездесуде мәлімдеді.
Елшінің айтуынша, Кореяға ресми түрде барып, кейіннен жұмыс орнын тастап, заңсыз еңбек қызметіне ауысып жатқан азаматтардың саны артып келеді. Қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяда шамамен 100 мың өзбекстандық тұрады және олардың шамамен 9 пайызы заңсыз жұмыс істейді. Дипломат бұл жағдай Өзбекстанның халықаралық беделі мен имиджіне айтарлықтай кері әсерін тигізетінін атап өтті.
Мәселе тек еңбек көші-қонымен шектелмейді. Ол білім беру саласында да байқалады. Елшінің айтуынша, Кореяға тіл курстарына немесе жоғары оқу орындарына оқуға келген кейбір жастар оқуды тастап, жұмысқа ауысып, виза талаптарын бұзып жатыр. Бұл жағдай ретті көші-қонға елеулі кедергі келтіріп, кореялық жұмыс берушілер арасында өзбекстандық жұмысшыларға деген теріс көзқарастың қалыптасуына себеп болуда.
Сондай-ақ, Әлішер Абдусаломов Оңтүстік Корея жыл сайын Өзбекстанға Е-8 түріндегі маусымдық жұмыс визасы бойынша 5 мың квота бөлетінін, бірақ іс жүзінде бұл мүмкіндікті тек 600-ге жуық азамат пайдаланып жатқанын айтты. Қазіргі уақытта Өзбекстаннан Кореяға жұмысшылар тек Көші-қон агенттігі арқылы ресми түрде жіберілуде.
Ресми мәліметтерге қарағанда, Оңтүстік Кореяда білім алып жатқан шетелдік студенттер арасында виза ережелерін ең көп бұзатындардың қатарында өзбекстандықтар да бар. Атап айтқанда, 2024 жылы D-2 студенттік визасымен келіп ереже бұзған студенттердің 13 пайызы Өзбекстан азаматтарына тиесілі болған.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!