date

Камала Харрис қайтадан президенттікке үміткер болуы мүмкін

Камала Харрис қайтадан президенттікке үміткер болуы мүмкін

АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Камала Харрис болашақта президенттікке қайтадан үміткер болуы мүмкін екенін айтып, саяси сахнаға қайта белсенді қатысу мүмкіндігін ашық қалдырды. Бұл туралы саясаткер BBC басылымына берген сұхбатында айтты.

Харрис саясаттан мүлдем кетуді әлі жоспарлап отырмағанын, керісінше, қоғамға қызмет ету оның қанында бар сезім екенін атап өтті.

"Мен бүкіл қызметімді адамдарға қызмет етумен өткіздім және бұл менің табиғатымда бар. Мен мұны өзімнен айыра алмаймын," - деді ол сұхбат барысында.

Одан "Ақ үйді басқаратын бірінші әйел бола аласыз ба?" деп сұрағанда, Харрис: "Мүмкін, иә," - деп жауап берді. Алайда ол президенттікке ресми үміткер болу-болмау туралы әлі нақты шешім қабылдамағанын айтты.

Ақпарат үшін, АҚШ-тағы келесі президенттік сайлау 2028 жылы өтеді. Осыған байланысты Харрис саяси қызметте жаңа кезеңді бастау немесе басқа бағытта жұмыс істеу туралы әлі ойланып жүргенін айтты.

"Қызмет көрсетудің көптеген жолдары бар, бірақ мен болашақта нақты нені таңдайтынымды әлі шешкен жоқпын," - деп қосты ол.

Харрис сонымен қатар оның кандидатурасы Демократиялық партия үшін маңызды емес немесе әлсіз деп саналатыны туралы пікірлерге жауап берді. Оның айтуынша, ол сауалнама мен талдауға емес, сенім мен әрекетке сүйенеді.

"Егер мен тек сауалнама нәтижелеріне қарасам, бірінші немесе екінші лауазымға ешқашан үміткер болмас едім. Ал қазір мен осында тұрмын," - деді Харрис.

Сұхбат барысында ол қазіргі президент Дональд Трамптың қызметін де сынға алды. Харристің пікірінше, Трамп федералды кеңселерді жеке мақсаттарына пайдаланып, кейбір бизнес пен ұйым басшыларын қысымға алған.

"Көптеген адамдар ол билікке оралғанға дейін-ақ оның алдында тізе бүкті. Олар билікке жақын болуды немесе жауапкершіліктен қашуды қалады," - деді Камала Харрис.

Еске сала кетейік, соңғы президенттік сайлауда Камала Харрис 48,43 пайыз дауыс жинаған, бірақ Дональд Трамп жеңіске жеткен еді. Сондықтан қазір ол саяси реванш туралы қатты ойланып жүргені байқалады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Камала Харрис қайтадан президенттікке үміткер болуы мүмкін