date

Нобель сыйлығының лауреаты: әйелдердің тәуелсіздігі тууды азайтты

Нобель сыйлығының лауреаты: әйелдердің тәуелсіздігі тууды азайтты

Экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Клаудия Голдин дүниежүзі бойынша туу деңгейінің төмендеуіне себеп болған факторларды кең ауқымды зерттеуде талдады. Оның пікірінше, бұл үдерістің негізгі себебі - әйелдердің тәуелсіздігінің артуы және олардың қоғамдағы рөлінің өзгеруі.

Білім алу мүмкіндіктері, кәсіби өсу және репродуктивті бақылау құралдарының кеңеюі нәтижесінде әйелдер қызмет салаларында еркін әрекет ете бастады. Сонымен қатар, экономикалық өсу мен туу деңгейі арасындағы бұрынғы байланыс та өзгерді. Мысалы, Швеция мен АҚШ сияқты дамыған елдерде туу деңгейі Грекияға немесе Оңтүстік Кореяға қарағанда жоғары.

Қазіргі таңда әлем елдерінің жартысынан көбінде туу коэффициенті халықтың қалпына келу деңгейінен төмен, яғни әр әйелге 2,1 баладан келеді. Бұл елдерде әлем халқының үштен екісіне жуығы тұрады.

Голдин атап өткендей, басты мәселе - үй тапсырмаларын бөлудегі теңсіздік пен ерлі-зайыптылар арасындағы менталды айырмашылықтар. Ер адамдар көбінесе дәстүрлі рөлдерді сақтап қалғысы келеді, ал әйелдер жұмыс пен отбасылық міндеттерді тең бөлуге дайын серіктестер іздейді.

Мұндай сәйкессіздік әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдам экономикалық өсуді бастан өткерген Жапония, Оңтүстік Корея, Италия, Испания және Грекия сияқты елдерде айтарлықтай байқалады. Бұл елдерде әйелдер үй шаруасына және бала күтіміне күніне орта есеппен 3 сағаттан астам уақыт жұмсайды. Сондықтан оларда туу көрсеткіші де әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі.

Салыстыру үшін: Швеция мен Данияда бұл айырмашылық бір сағаттан аз, нәтижесінде бұл елдерде туу көрсеткіші жоғары. Бұл әлеуметтік теңдік пен отбасылық жауапкершіліктің маңыздылығын айқын көрсетеді.

Зерттеу сондай-ақ АҚШ-тағы жоғары білімді әйелдер арасында туудың төмендеуі 1970 жылдары басталғанын көрсетті. Мысалы, 1950 жылы дүниеге келген әйелдердің әрқайсысына шаққандағы бала саны орта есеппен 1,64-ке дейін азайды.

Голдиннің тұжырымы бойынша, туудың төмендігі "құрылымдық кедергілермен" - яғни бала күтімі бойынша мемлекеттік кепілдіктердің болмауымен және үй міндеттерін ерлі-зайыптылар арасында әділ бөлмеумен байланысты.

Ғалым егер мемлекет бала күтімі, демалыс және еңбектегі теңдік бойынша жеткілікті кепілдіктер жасаса, бұл әйелдердің еңбек белсенділігін төмендетпей, керісінше, туудың өсуіне де түрткі болатынын айтады.

Осылайша, Голдиннің пікірінше, ХХІ ғасырда туу мәселесі экономикалық немесе биологиялық факторлардан гөрі әлеуметтік-құрылымдық және гендерлік теңдік мәселесіне айналды.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Нобель сыйлығының лауреаты: әйелдердің тәуелсіздігі тууды азайтты