Келінге 52 келі алтын тағылды: той тексеріле бастады

Түркияның Ван қаласында әлеуметтік желілерде танымал сән дизайнері және кәсіпкер Чағлы Өз және «Вандық Қара Хайдар» лақап атымен танымал блогер Мехмет Фатих Танчаланның үйлену тойы үлкен көлемдегі алтын мен ақшаның кесірінен назар орталығына түсті.
Той рәсімінде келін мен күйеу жігітке тағылған қымбат бұйымдар мен қолма-қол ақшаны Түркияның құқық қорғау органдары тексере бастады. Мәлім етілгендей, келіннің өзіне 52 келі алтын, ал күйеу жігітке 44 миллион түрік лирасы тағылған. Бұл туралы «Haberler» хабарлады.
Мәлім етілгендей, той ағымдағы жылдың 6 қыркүйегінде Ван қаласының Тушба ауданында өткізілген. Рәсімде келіннің қолдарына өте көп мөлшерде алтын білезіктер тағылған. Білезіктер қолдарына сыймай қалған соң, олардың қалған бөлігі қалың шынжырға тізіліп, келіннің мойнына ілінген.
Той кезінде тағылған алтындар, түрлі зергерлік бұйымдар, шетел валюталары мен түрік лирасы құқық қорғау органдарының назарын аударды. Әсіресе, келін мен күйеу жігітке тағылған алтын мен ақшаның олардың ресми табыстарына сәйкес келу-келмеуі мәселесі тексерілуде.
Сонымен қатар, бұл қымбат алтындардың шығу тегі де тексеруден тыс қалмады. Бұл мәселемен Түркияның Қаржылық қылмыстарды тергеу кеңесі — MASAK айналысуда.
Күйеу жігіт басқа іс бойынша да қамауға алынған

Мехмет Фатих Танчаланның есімі бұл тойға қатысты тексеруден бөлек, басқа қылмыстық іс аясында да аталды.
Оған мемлекет пен мемлекеттік ұйымдарды қорлау, сонымен қатар, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру бойынша айыптар тағылған. Сот шешімі негізінде Танчалан қамауға алынды.
Блогер өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Оның айтуынша, той мен сырға салу рәсіміне кеткен шығындардың үлкен бөлігі жарнама мен демеушілік келісімдер арқылы жабылған.
Сондай-ақ, Танчалан тойда көрсетілген алтындардың бір бөлігі жеке меншік емес екенін білдірген. Оның айтуынша, олардың кейбіреулері зергерлерден уақытша алынған.
Қазіргі таңда Түркияның құқық қорғау органдары тойда тағылған 52 келі алтын, 44 миллион түрік лирасы мен басқа да қымбат бұйымдардың қайнар көзі мен олардың келін-күйеудің табыстарына сәйкестігін тексеруде. Бұл жағдай бойынша MASAK тарапынан да тиісті зерттеулер жүргізілуде.



















Пікірлер 0
…