Жердің айналуы жеделдеді: әлемде уақыт жүйесі өзгеруі мүмкін

Жердің айналу жылдамдығының өзгеруіне байланысты әлемде қолданыстағы уақыт жүйесі болашақта өзгеруі мүмкін. Ғалымдар дүниежүзілік уақытты Жердің айналуына тәуелсіз жүйеге көшіруді ұсынып отыр. Бұл туралы зерттеу «Naked Science» басылымында жарияланды.
Атап өтілгендей, қазіргі таңда әлемде 1972 жылдан бері үйлестірілген әмбебап уақыт — UTC қолданылып келеді. Бұл уақыт жүйесі атом сағаттары негізінде синхрондалады. Алайда Жердің айналу жылдамдығы тұрақты емес. Сол себепті атом уақыты мен Күн уақыты арасында белгілі бір алшақтық туындайды.
Осы айырмашылықты жою мақсатында 1972 жылдан бері 27 рет «кібісе секунд» қосылған. Яғни, уақыт жүйесін Жердің айналуына сәйкестендіру үшін бір секундтық түзетулер енгізіліп отырған.
Алайда соңғы жылдары Жердің айналуы жеделдегендіктен, жағдай өзгеруде. Енді, керісінше, бір секундты алып тастау, яғни теріс «кібісе секундты» енгізу қажеттілігі туындады.
Ғалымдарды мұндай өзгерістің заманауи технологиялық жүйелерге әсері алаңдатады. Өйткені осы уақытқа дейін теріс «кібісе секунд» тәжірибеде қолданылмаған. Көптеген компьютерлік бағдарламалар уақытқа бір секунд қосылуы мүмкін екенін ескере отырып әзірленген.
Мамандардың пікірінше, бұл коммуникация және спутниктік навигация жүйелерінде ауқымды техникалық ақаулар тудыруы мүмкін.
Мәліметтерге сәйкес, мәселені шешу үшін ғалымдар атом уақытын Күн уақытынан бөлуді ұсынуда. Мұндай тәсілде екі уақыт жүйесі біртіндеп бір-бірінен алшақтай береді. Жүздеген жылдар өткен соң оларды «кібісе сағат» көмегімен қайта сәйкестендіруге болады.
Ағымдағы жылдың қазан айында Версаль қаласында Халықаралық өлшемдер мен таразылар бюросының бас конференциясы өтеді. Онда «кібісе секундтың» болашағына қатысты маңызды шешім қабылдануы мүмкін.
Егер бұл ұсыныс мақұлданса, жаңа тәртіп 2027 жылғы 20 мамырдан бастап күшіне енеді деп күтілуде. Содан кейін «кібісе секундтарды» пайдалану тоқтатылады және атом уақыты Күн уақытынан біртіндеп алшақтай береді.
Есептеулер бойынша, екі уақыт жүйесі арасындағы айырмашылық шамамен 1000 жыл ішінде бір сағатқа жетуі мүмкін. Бұл адамдардың күнделікті өмірінде байқалмаса да, жаһандық технологиялық жүйелер үшін маңызды өзгеріс болып табылады.



















Пікірлер 0
…