date

Әлеуметтік желісіз өмір неге жанға сау?

Әлеуметтік желісіз өмір неге жанға сау?

Әлеуметтік желілер қазіргі өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда ғалымдар ескертеді: бұл платформалардың артында адамның психикалық денсаулығына теріс әсер ететін күрделі психология жатыр. UnHerd басылымы жазғандай, әлеуметтік желілер казино қағидаты бойынша жұмыс істейді — шексіз жаңалықтар таспасы, түрлі бейнелер мен тоқтаусыз контент адамның миын «жайлы иллюзияда» ұстап тұрады.

Бұл иллюзияның ең қауіпті жағы — уақытты дұрыс сезіну қабілетінің жоғалуы. Бір сағаттық скролл бізге бірнеше минуттай көрінеді, бірақ шынайы өмірде ол сағат қайтып келмейді. Ғалымдардың пікірінше, бұл жағдай адамның уақытты қабылдау қабілетін бұзады — қазіргі сәт жоғалады, ал өткен шақ жадымызда бұлдыр болып қалады. Көп адам әлеуметтік желіде қанша уақыт өткізгенін есіне түсіре алмайды. Бұл кездейсоқ емес. Ғылыми зерттеулер әлеуметтік желілердің қысқа және ұзақ мерзімді жад қызметін әлсірететінін дәлелдеді. Нәтижесінде адам көрген контентті емес, тек одан алған эмоциясын есте сақтайды. Ғалымдар мұны «уақыт иллюзиясы» деп атайды. Яғни адам виртуалды өмірде өмір сүріп, шынайылықты жаңалықтар таспасының тез айналысы арқылы қабылдайды. Бірақ бұл таспа ешқашан бітпейді — оның басы да, соңы да жоқ. Сондықтан ми оқиғалардың бірізділігін жоғалтып, тек шашыраңқы ақпарат ағынын қабылдай бастайды.

Мұндай жағдайда психикалық шаршау мен назар тапшылығы табиғи салдар болып табылады. Психологтар атап өтеді: адамның бір нәрсеге назарын шоғырландыра алмауы, мазасыздық және ішкі бос сезім — әлеуметтік желілерге шамадан тыс тәуелділіктің белгілері.

Не істеу керек? Мамандар бірнеше практикалық кеңес береді. Ең алдымен, әлеуметтік желілерде өткізілетін уақытты шектеу қажет. Мұны телефондағы “Screen Time” функциясы арқылы бақылауға болады. Күнделікті лимит қойып, миды “мәжбүрлі демалысқа” шығару пайдалы. Екіншіден — белгілі бір уақытқа әлеуметтік желілерден толықтай бас тарту. Зерттеулер көрсеткендей, бірнеше апта бойы интернетсіз өмір сүрген адамдардың психикалық жағдайы жақсарады, ұйқысы қалыпқа келеді және ой шашыраңқылығы азаяды. Адам уақытты қайтадан шынайы ырғақта сезіне бастайды.

Психологтар тағы бір жайтқа назар аударуға кеңес береді: өмірді ұзақтау сезіну үшін жай ғана скролл емес, саналы әрекет керек. Мысалы, телефонды жауып, айналаға қарау, табиғатпен араласу, кітап оқу немесе жақындармен сөйлесу — осылар адамның санасын шынайы өмірге қайтарады және миды қалпына келтіреді.

Қазіргі заманның ең үлкен мәселесі — уақыт сезімін жоғалту. Сондықтан әлеуметтік желілерден уақытша ажырау — өмірге қайта қосылу деген сөз. Қысқа мерзімді виртуалды үзіліс шынайы өмірде үлкен өзгерістерге себеп болуы мүмкін. Бұл тек ми үшін демалыс емес, рух үшін де шынайы бостандық.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Пайдалы » Әлеуметтік желісіз өмір неге жанға сау?