date

Өзбекстан мен Корея еңбек саласында жаңа келісімге қол жеткізді

Өзбекстан мен Корея еңбек саласында жаңа келісімге қол жеткізді

Өзбекстан азаматтарының Корея Республикасында еңбек қызметін қайта жалғастыруына мүмкіндік беретін маңызды қадам жасалды. Министрлер Кабинеті жанындағы Миграция агенттігінің директоры Бехзод Мусаев бастаған делегация Кёнсаннам-до провинциясының губернаторы Пак Вансу мырзамен келіссөздер өткізді.

Кездесуде тараптар Ташкент облысының тұрғындарын Е-8 санатындағы маусымдық жұмыс визасы арқылы Кореяның ауыл шаруашылығында жұмысқа тарту туралы уағдаласты. Жаңа бағдарлама бойынша жұмысшылар Хапчон, Чхонгнян аудандарында және Мирян қаласында 8 ай (5+3) мерзім аралығында еңбек етеді.

Осыған байланысты Миграция агенттігі мен Кёнсаннам-до провинциясы арасында ауыл шаруашылығына маусымдық жұмыс күшін тарту жөнінде екіжақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім бұған дейінгі дипломатиялық келіссөздердің іс жүзіндегі кезеңіне айналды.

Корея Әділет министрлігінің талабына сәйкес, мұндай келісімдерде жұмысшы жіберетін және қабылдайтын өңірлер нақты көрсетілуі тиіс. Сондықтан пилоттық бағдарлама аясында Ташкент облысының тұрғындары іріктеліп, Кореяның үш өңіріне жіберіледі.

Пилоттық жобаның алғашқы кезеңінде жұмыс күші бойынша өтінімдер қабылданып, 2026 жылдан бастап өзбек жұмысшыларының тәртібі мен тиімділігіне қарай ынтымақтастықты кеңейту көзделуде.

Еске сала кетсек, 2021 жылы Өзбекстан Е-8 визасы арқылы Кореяға жұмысшы жіберген алғашқы ел болған. Ол кезде 420 азамат пилоттық бағдарламаға қатысқан, бірақ кейбір жұмысшылар келісім мерзімі аяқталғаннан кейін елге оралмағандықтан, бағдарлама уақытша тоқтатылған.

Соңғы жылдары екі елдің тиісті министрліктері жүргізген келіссөздердің нәтижесінде Корея үкіметі бұл бағдарламаны қайта ашуға шешім қабылдады. Бұл өз кезегінде мыңдаған азамат үшін жаңа еңбек мүмкіндіктерін ашады.

Миграция агенттігі азаматтардан еңбек шарттарын және Корея заңдарын қатаң сақтауды, белгіленген мерзімде отанына оралуын сұрады. Ресми өкілдердің айтуынша, бұл талаптардың орындалуы келешекте басқа жұмысшыларға да мүмкіндік кеңейту немесе шектеу қоюға әсер етеді.

Ақпараттарға қарағанда, биылғы қараша–желтоқсан айларында Корея өңірлерінен бос жұмыс орындары бойынша өтінімдер қабылданып, үміткерлер іріктеледі. Осылайша, өзбек жұмысшылары үшін халықаралық еңбек нарығында жаңа кезең басталады — заңды, қауіпсіз және табысты еңбек жағдайы жасалады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Қоғам » Өзбекстан мен Корея еңбек саласында жаңа келісімге қол жеткізді