date

Өзбекстанда жұмысшылардың жартысы икемді жұмыс тәртібін таңдайды


Өзбекстанда жұмысшылар нарығындағы артықшылықтарды зерттеу мақсатында hh.uz платформасы арқылы жүргізілген зерттеу маңызды тенденцияларды анықтады. Сауалнамаға 110 жұмысшы мен жұмыс беруші өкілі қатысқан.

Нәтижелер көрсеткендей, респонденттердің шамамен жартысы әлі де дәстүрлі жұмыс моделін қолдайды, бірақ маңызды бөлігі қазіргі заманғы және икемді тәсілдерді дұрыс көреді. Алынған мәліметтерге сәйкес, елдегі жұмысшылардың шамамен 49 пайызы тұрақтылық пен нақты белгіленген жұмыс процестерін жоғары бағалайды.

Сонымен қатар, респонденттердің 39 пайызы икемді жұмыс тәсіліне анық қызығушылық танытқан, бұл елдегі корпоративтік мәдениеттің біртіндеп өзгеріп жатқанын көрсетеді. Agile сияқты икемді әдістерді қолданып жүрген компанияларда қызметкерлер айтарлықтай өзгерістерді тіркеген.

Сауалнамаға қатысушылардың 47 пайызы тапсырмалардың көбінесе ұжымдық түрде шешіліп жатқанын айтса, 35 пайызы шешім қабылдау процестерінің жеделдегенін және бюрократиялық кедергілердің азайғанын баса айтқан.

Сонымен бірге, респонденттердің 29 пайызы тұрақты кері байланыс жүйесінің енгізілуін оң бағалаған, ал 23 пайызы басшылардың бақылаудан гөрі тәлімгерлікке көбірек ауысуын атап өткен. Икемді тәсілдердің негізгі құндылықтары ретінде респонденттер ұжымда сенім мен ашықтықты (47 пайыз), сондай-ақ, үйренуге және қателіктерден қорықпауға мүмкіндік беретін ортаны (46 пайыз) ерекше атап көрсеткен.

Қатысушылардың 40 пайызы үшін компанияның нақты және түсінікті миссиясының болуы маңызды фактор болып саналады. Икемді әдістемелердің негізгі артықшылығы ретінде респонденттер ақырғы нәтижеге бағытталғандықты атап өткен, бұл пікірді 58 пайыз қатысушы қолдаған.

Адал және ашық қарым-қатынастың маңызын 40 пайыз, ал шешімдерді жылдам қабылдау қабілетін 31 пайыз респондент атап өткен. Алайда, Agile әдістемесіне көшу кейбір қиындықтарды туғызуда.

Зерттеуге қатысушылардың 43 пайызы елдегі барлық ұжымдардың осындай өзгерістерге дайын еместігіне сенімді екенін білдірген. Басқа кедергілер қатарында рөлдер мен міндеттердің нақты белгіленбеуі (36 пайыз) және үнемі өзгеріп тұратын жағдайлар себебінен ұзақмерзімді жоспарлаудың қиындығы (34 пайыз) аталған.

Көпшіліктің ойынша, басты кедергі компаниялардағы сенімнің жетіспеуі (51 пайыз) және қатаң иерархиялық құрылым (35 пайыз) болып табылады.
Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Қоғам » Өзбекстанда жұмысшылардың жартысы икемді жұмыс тәртібін таңдайды