date

Өзбекстанда IB жүйесіндегі алғашқы мемлекеттік мектеп ашылды

Өзбекстанда IB жүйесіндегі алғашқы мемлекеттік мектеп ашылды

Бүгінгі таңда елімізде «Жаңа Өзбекстан» идеясы тек экономикалық саламен шектелмей, білім беру, мәдениет пен ғылым саласында да жаңа көзқарастар енгізіп отыр. Атап айтқанда, адам капиталын дамыту, қабілетті жастарды жан-жақты қолдау мен білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда.

Бұл үдерістің жарқын үлгісі ретінде Президентіміздің бастамасымен құрылған Әл-Бируни атындағы халықаралық мектеп-интернатын айтуға болады. Бұл білім ордасы 2025 жылғы 15 мамырда қабылданған ПФ–86 санды Жарлық аясында құрылып, қабілетті жастарды ерте анықтау, олардың білімдері мен дағдыларын халықаралық стандарттарға сай дамыту және әлемдік деңгейде танылған ТОП–50 университеттерге түсуге жол ашу мақсатында арнайы ұйымдастырылған.

Мектеп тек білім ордасы ғана емес, оқушылардың интеллектуалдық әлеуетін «үйренушіден» «ашушыға» көтеретін, жаңа ой-сананың орталығы болып табылады. Мұнда әрбір сабақ, әрбір жобалық тапсырма және әрбір талқылау оқушыларды дүниетанымды жаһандық деңгейге көтеруге және адамзат дамуының болашағында өз орнын табуға бағытталған.

Сонымен қатар, мектептің оқушылары бүгін жаһандық мәселелер туралы ой қозғау, әртүрлі мәдениет өкілдерімен диалог орнату, идеяларды дәлелдер арқылы қорғау сияқты ХХІ ғасыр дағдыларын меңгеруде. Себебі ХХІ ғасырдың негізгі талабы – білімді меңгеру ғана емес, оны жасау қабілеті болып табылады.

Әл-Бируни мектебі өзінің атауына сәйкес білім, ойлау және рухани үйлесімді бейнелейді. Мектептің логотипінде көрініс тапқан «Құтты білік» сөзі де бекер таңдалмаған. Бұл – мектеп «Бақытқа жетелер білім» ордасы ретінде білім мен әділдікті, ақыл мен ізгілікті біріктіретінін көрсетеді.

Осы жылы мектепке алғашқы қабылдау процестері ұйымдастырылып, 16 000-нан астам үміткер ішінен ең жоғары нәтиже көрсеткен 60 жас оқуға қабылданды. Емтихандар Математика және Ағылшын тілі бойынша екі кезеңде Республика аумақтарында өткізілді.

Әл-Бируни мектебіндегі білім беру жүйесі Швейцарияның “International Baccalaureate Diploma Programme” бағдарламасы негізінде ұйымдастырылған. Бұл бағдарлама әлемнің 160-тан астам елінде мойындалған халықаралық оқыту моделі болып табылады. Әлем бойынша IB жүйесімен жұмыс істейтін мектептер саны 6 мыңнан асып, оларға 1,95 миллион оқушы білім алуда.

IB білім беру бағдарламасы төрт кезеңнен – PYP (бастауыш), MYP (орта), DP (диплом бағдарламасы) және CP (кәсіптік бағыт) тұрады және 3 жастан бастап 19 жасқа дейінгі оқушылардың жан-жақты дамуын қамтиды.

Әл-Бируни мектебі Өзбекстан тарихында, сондай-ақ Орталық Азияда IB Diploma Programme (DP) бағдарламасын іс жүзінде енгізген алғашқы мемлекеттік мектеп ретінде құрылды. Айта кетерлік, бүгінгі күнге дейін IB ұйымы тарапынан екі сатылы алғашқы бағалау сапарлары өткізіліп, мектеп IB-ның барлық талаптарынан табысты нәтиже көрсетті.

Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін мектеп 20-ға жуық халықаралық білім беру ұйымдарымен және жетекші университеттермен әріптестік орнатып үлгерді. Соның ішінде, Австралияның Sydney (QS–25) және Monash (QS–36) университеттері, Ұлыбританияның Kaplan International ұйымы және Cardiff пен Sussex университеттерімен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Сондай-ақ, АҚШ-тың “Ivy League” – әлемдегі беделді университеттер бірлестігі саналатын Harvard, Yale, Brown, Cornell және Columbia университеттерімен ынтымақтастық бағыттарын кеңейту бойынша келіссөздер жүргізілуде.

IB философиясының ортасында гуманизм және «әлем азаматы» болу принципі жатыр. Бағдарлама оқушыларға терең академиялық білім беріп қана қоймай, оларды сыни және тәуелсіз ойлауға, әлеуметтік жауапкершілікті сезінуге, сондай-ақ түрлі мәдениеттерді құрметтеуге баулиды.

IB жүйесінің артықшылығы – мұғалімді тек білім беруші емес, жаңа ойлар мен идеяларды қалыптастырушы тәлімгер ретінде қарауы. Атап айтқанда, «Білім теориясы» (TOK), «Кеңейтілген эссе» (EE) және «Шығармашылық, Қызмет, Белсенділік» (CAS) модульдері оқушылардың интеллектуалдық және рухани деңгейін кешенді түрде дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар, мектеп түлектеріне мемлекеттік стандарттағы аттестатпен қатар, IB дипломы берілетін болады. Бұл диплом түлектерге әлемдік рейтингтегі ТОП–50 университеттерге жеңілдікпен түсуге және бакалавриат бағдарламасын 4 жыл емес, 3 жыл оқу мүмкіндігін сыйлайды.

Дәл осы аспектіде, Әл-Бируни мектебі бүгінгі таңда Орталық Азияда IB Диплом бағдарламасын толық жүзеге асырып отырған алғашқы мемлекеттік мектеп ретінде тарихта өз орнын алды.

Айта кететін жайт, мектептегі білім беру жүйесі жеке тұлғаға бағытталған бағдарлама негізінде ұйымдастырылған. Әрбір оқушыға жеке менторлар тағайындалған. Бұл тәсіл олардың тек академиялық дамуын ғана емес, сонымен бірге психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйесін де нығайтады.

Сондай-ақ, сабақ үдерісінде «шағын топтарда жұмыс істеу» тәжірибесі енгізілген. Бұл оқушыларға пікір алмасуға, пікірталас арқылы фактілерді іздеуге мүмкіндік береді. Сабақтардың барлығы ағылшын тілінде өткізіледі, ал қосымша тағы екі шет тілін терең оқуға, ғылыми зерттеу және стартап жобаларға қатысуға, халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда бақ сынауға мүмкіндік бар.

Мұнымен қатар, IB оқушы профиліндегі 10 қасиет – зерттеуші, ойшыл, өзіндік көзқарасы бар, адал, қамқор, ашық пікірлі, теңгерімді, ақылгөй, тәуекелден қорықпайтын және өзара қарым-қатынастағы – Әл-Бируни мектебінің рухани іргетасын құрайды.

Президент Жарлығында белгіленгендей, Әл-Бируни мектебін сәтті аяқтаған және әлемнің ТОП–50 университеттерінің біріне қабылданған оқушылардың шетелдегі оқу және өмір сүру шығындары мемлекет тарапынан толық қаржыландырылатын болады. Бұл шешім жастар үшін шексіз мүмкіндіктер есігін ашып, болашақта еліміздің және ғылымның дамуына үлес қосуына негіз қалайды.

Ең бастысы, бұл – Жаңа Өзбекстанның өз балаларына деген сенімі, олардың зияткерлік әлеуетіне жоғары бағасы.

Бұл жерде жастар жаһандық ортада еркін ойлайтын, сонымен бірге ұлттық құндылықтарына адал, отаншыл тұлғалар ретінде тәрбиеленеді. Оқушылардың CAS қызметі (Шығармашылық, Қызмет, Белсенділік) арқылы олар қоғам өміріне белсенді қатысып, әлеуметтік жобалар мен волонтерлік жұмыстарға өз үлестерін қосып отырады.

Осылайша, мектеп оқушыларды «ғаламдық білім алушылар» емес, «ғаламдық ойлайтын өзбек зиялылары» ретінде қалыптастырады.

Сонымен қатар, IB жүйесіндегі бағалау әдістемесі Әл-Бируни мектебінің мықты жақтарының бірі болып табылады. Бұл жүйе тек тесттер мен емтихандарға ғана емес, оқушының өзіндік талдау, зерттеу, шығармашылық және әлеуметтік белсенділігіне негізделген.

Бағалау үдерісінде оқушылар ішкі (мектеп ішінде) және сыртқы

(IB халықаралық сарапшылары арқылы) емтихандардан өтеді. Бағалау нәтижелері оқушылардың білімін емес, олардың ойлау деңгейін өлшеуге бағытталған.

Әл-Бируни мектебі болашақта халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді, IB мұғалімдерінің біліктілігін арттыруды, цифрлық

және STEAM бағыттарын тереңдетуді, сонымен қатар, оқушыларды ғылым мен технологиялар түйіскен нүктелерде оқытуды мақсат тұтуда.

Бұл тұрғыда жыл сайын ең жоғары академиялық нәтижелерге жеткен оқушыларды шетелдегі Гарвард, Стэнфорд, MIT, Оксфорд

және Кембридж секілді беделді университеттердің жанынан ашылған жазғы лагерьлерге жіберу және университет қабылдау талаптары мен өмірімен жақын таныстыру, мектепті аяқтаған соң аталған университеттерде білім алу жоспарлануда.

Сонымен қатар, түлектердің жаһандық желісін қалыптастырып, оларды ел дамуына қайта оралып қызмет ететін интеллектуал элита ретінде тәрбиелеу көзделген.

Қорытындылай келе атап өту қажет, бүгінде Әл-Бируни атындағы халықаралық мектеп-интернаты бұл жай ғана оқу орны емес. Бұл құрметті Президентіміздің Жаңа Өзбекстан білім беру саласындағы реформаларының нәтижесі, ұлттық сана мен жаһандық көзқарасты үйлестірген бірегей білім беру ұйымы.

Бұл мектепте білім алып жатқан жастар ертеңгі күннің саясаткерлері, ғалымдары, инженерлері, дипломаттары, жаңашылдары болып өсіп келеді. Олар үшін әрбір сабақ – бұл болашаққа жасалған сенімді қадам.

Өзбекстан білім жүйесі тарихында тұңғыш рет мемлекет бастамасымен құрылған, халықаралық аккредитацияға ие осындай білім ордасы – біздің халық ретінде білімге, ой-санамызға және биік мақсаттарға адалдығымыздың көрсеткіші.

Әл-Бируни мектебі – Жаңа Өзбекстанның рухани және интеллектуалдық болашағын қалыптастырып отырған білім ордаларының бірі.

Жавохир АХМЕДОВ

Әл-Бируни атындағы халықаралық мектеп-интернатының атқарушы директоры

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Қоғам » Өзбекстанда IB жүйесіндегі алғашқы мемлекеттік мектеп ашылды