date

Еңбек нарығында қозғалыс бар: бос жұмыс орындары өсуде

Еңбек нарығында қозғалыс бар: бос жұмыс орындары өсуде

Өзбекстан Орталық банкі 2025 жылдың үшінші тоқсанындағы еңбек нарығының жағдайына арналған кезекті талдамалық шолуын жариялады. Есепте айтылғандай, осы кезеңде экономикалық белсенділік сақталып, бос жұмыс орындарын ұсыну тұрақты өсуді жалғастырды. Сонымен қатар, номиналды және нақты жалақы, сондай-ақ ақша аударымдарының көлемі де өсті.

Ашық дереккөздерден жиналған мәліметтерге сәйкес, III тоқсанда бизнес субъектілері тарапынан орналастырылған бос орындар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3%-ға өскен. Жарияланған жұмыс орындарының басым бөлігі сауда саласына тиесілі, оның үлесі 17,9 пайызды құрады. Қоғамдық тамақтандыру (17,1%) және өндіріс (17,0%) салалары да ең белсенді бағыттар қатарында қалып отыр.

Сонымен қатар, кәсіпкерлердің күтулерінде қарама-қарсы үрдіс те байқалуда. Кейбір кәсіпорындар жұмыс орындарын көбейтуге ниет білдірсе, басқалары қысқарту ықтималдығын да қарастыруда. Экономикалық белсенділік бойынша жүргізілген сауалнамаларда алдағы үш айда жұмыс орындарының санын арттыруды жоспарлап отырған кәсіпкерлердің үлесі шілде-тамыз айларында орта есеппен 33,9 пайызды құрады. Ал қыркүйек айында маусымдық факторлардың әсерінен бұл көрсеткіш 30,8%-ға дейін төмендеді.

Екінші жағынан, жұмыс орындарын қысқартуды білдірген респонденттердің үлесі де айтарлықтай өсті. Егер ІІ тоқсанда бұл көрсеткіш 8,7 пайыз болса, ІІІ тоқсанның соңында 12,7 пайызға жетті. Әсіресе, құрылыс саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің 16,4 пайызы және сауда желісіндегі респонденттердің 25,6 пайызы жұмыс орындарын қысқарту ықтималдығын айтқан.

Мамандардың пікірінше, бұл жағдай еңбек нарығындағы табиғи қайта теңгеру процесін көрсетеді. Бір жағынан, экономикада жаңа жұмыс орындары ашылып жатса, екінші жағынан, кейбір салаларда шығындарды оңтайландыру қажеттілігі артып келеді. Жалпы алғанда, Орталық банктің талдауы еңбек нарығында қозғалыс пен өзгерістер жалғасып жатқанын, ал жағдай әзірге тұрақты екенін көрсетеді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Қоғам » Еңбек нарығында қозғалыс бар: бос жұмыс орындары өсуде