date

Миңбұлақта тоқ соққан 4 жасар бала қолдарынан айырылды

Миңбұлақта тоқ соққан 4 жасар бала қолдарынан айырылды

Наманган облысы Миңбұлақ ауданында орын алған қайғылы оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Таралған ақпараттарға сәйкес, төрт жасар бала электр тогының соғуы салдарынан ауыр жарақат алып, екі қолынан айырылды. Аталған жағдай бойынша аудан әкімдігі ресми түсініктеме берді.

Мәлім етілгендей, оқиға 2025 жылдың 11 қарашасында «Көрікобод» махалласында болған. 2022 жылы туған Жамшидбек Холматов қараусыз қалып, ашық күйде қалдырылған трансформатор пунктінің аумағына кіріп кеткен және жоғары кернеулі электр тогының соғуына ұшыраған.

Дәрігерлер көрсеткен жедел көмекке қарамастан, баланың қолдарын сақтап қалу мүмкін болмады. Салдарынан оның екі қолы шынтақ тұсынан хирургиялық жолмен ампутацияланды.

Оқиға бойынша трансформатор пунктіне жауапты электр желілері кәсіпорнының қызметкеріне қатысты сот үкімі шығарылды. Оған 2 жыл түзеу жұмыстары және 20 миллион сум көлемінде айыппұл жазасы тағайындалды.

Қазіргі уақытта бала тұрақты медициналық бақылауға алынып, оған тегін емдеу қызметтері көрсетілуде. Сондай-ақ, ол мүгедектік жәрдемақысымен қамтамасыз етілген және жүйелі медициналық көмек алушылар тізіміне енгізілген.

Бұдан бөлек, жәбірленушінің анасына материалдық көмек те бөлінді: электр желілері кәсіпорны тарапынан 60 миллион сум, аудан әкімдігі тарапынан шамамен 50 миллион сум қаржы берілді.

Жауапты тұлғалар мұндай жағымсыз жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналарды балаларына қатысты барынша сақ болуға, қауіпті аймақтарға жақындатпауға шақыруда.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Қоғам » Миңбұлақта тоқ соққан 4 жасар бала қолдарынан айырылды