date

Италияда шу: "Юве Стабиа" мафиямен байланыста деп айыпталды

Италияда шу: "Юве Стабиа" мафиямен байланыста деп айыпталды

Италия футболында тағы бір шок оқиға болды. Б сериясында өнер көрсететін "Юве Стабиа" клубы мафиямен байланыста деп айыпталып, Италия мафияға қарсы прокуратурасы тарапынан тәркіленді. Тергеу қорытындысы бойынша, команда басшылығы "Каморраның" екі танымал кланы - Д'Алесандро және Импарато топтарымен тығыз байланыста болған. Сондықтан клубтың қызметі сот бақылауына алынды.

Бұл Италия футболының тарихындағы үшінші, бірақ ең ауыр және өткір жағдай ретінде тіркеліп отыр. Бұрын "Фоджа" мен "Кротоне" командаларында да осындай жағдайлар болған, бірақ бұл жолы жағдайдың ауқымы мен әсері әлдеқайда үлкен.

Тергеу қорытындысы бойынша, мафия клуб өмірінің барлық саласына дерлік араласты - қауіпсіздік жүйесі, билет сату, саяхаттар, тіпті тамақтану үдерістеріне дейін бақылап отырды. Прокуратураның мәліметінше, стадионның қауіпсіздігін де Импарато кланының адамдарының бірі басқарған. Сонымен қатар, кейбір клан мүшелері жалған есімдермен ойындарға кіріп, тегін билеттер арқылы трибуналардан орын алды.

Ұлттық мафияға қарсы прокурор Джованни Мелильо "Юве Стабианы" "Каморраға толық бағынатын құрылым" деп атады. Оның айтуынша, клуб қызметіндегі шешімдер мафия желісі тарапынан қабылданған:

- Футболшылар тек ойнайтын, қалғанын Каморра шешетін, - деді прокурор.

Бұл әшкереленген жүйенің қаншалықты терең тамыр жайғанын көрсетті. Тергеу мәліметтері бойынша, өткен маусымда 38 жанкүйерге стадионға кіруге тыйым салынғанымен, олардың жартысынан көбі кланмен байланысты болып, тыйымды ішкі көмек арқылы айналып өткен.

Сол себепті прокурорлар клубты "толық мафия бақылауындағы ұйым" деп бағалады. Бұл жағдай Италия футболының беделіне үлкен соққы болды.

Италия футбол федерациясы қазір жағдайды терең зерттеп жатыр. Атап айтқанда, 29 октябрьде өтуі тиіс "Бариге" қарсы кездесуді де тоқтату мәселесі қарастырылып жатқаны айтылды.

Бір қызығы, команда жақында "Авеллиноны" 2:0 есебімен жеңіп, турнир кестесінде жетінші орынға көтерілген еді. Тіпті А сериясына шығу туралы армандар да шындыққа жақын көрінді. Бірақ мафияға қатысты айыптаулардан кейін бұл армандар бірден жойылды.

Ақпарат үшін, 2025 жылдың июнь айында "Юве Стабиа" клубы ирландиялық "Брера Холдингс" инвестициялық компаниясы тарапынан 52 пайыздық үлеспен сатып алынды. Бірақ тергеушілердің айтуынша, жаңа иелері клубтағы бұрыннан бар мафия тізбегін үзе алмаған және сыбайлас жемқорлық жүйесі іс жүзінде сақталған.

Италияда бұл оқиға кең жұртшылықтың үлкен талқысына себеп болды. Жергілікті басылымдардың жазуынша, "Юве Стабиа" төңірегіндегі дағдарыс тек бір команданың ғана емес, бүкіл италиялық футболдағы бақылау және ашықтық жүйесіндегі проблемаларды тағы бір рет ашып көрсетті.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Спорт » Италияда шу: "Юве Стабиа" мафиямен байланыста деп айыпталды