Неймар Буэнос-Айреске барды: «Бока Хуниорспен» келіссөздер басталды ма
Бразилиялық жұлдыз Неймар Буэнос-Айресте бой көрсетіп, «Бока Хуниорс» клубына ауысуы мүмкін деген қауесеттерді өршітті. Қазіргі таңда «Сантос» сапында өнер көрсетіп жүрген шабуылшы Аргентина командасының жаттығу базасына барып, арнайы сыйлықтармен қайтты.
Бұл туралы Goal.com хабарлайды.
Неймар «Сантос» құрамында «Сан-Лоренсоға» қарсы ойын үшін Аргентинаға барған болатын. Ол сәтті пайдаланып, «Бока Хуниорстың» жаттығу алаңына ат басын бұрды.
Сапар барысында оған екі арнайы жейде, соның ішінде клуб президенті Хуан Роман Рикельме сыйға тартқан жейде табысталды.
Клуб өкілдері бұл сапар тек достық қарым-қатынас аясында болғанын атап өтті. Олар президент пен футболшы арасында ешқандай ресми келіссөздер жүргізілмегенін мәлімдеді.
Соған қарамастан, «Барселонаның» бұрынғы жұлдызының Аргентина клубының жейдесімен суретке түсуі жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды.
Неймардың «Бока Хуниорспен» байланысы оның бұрынғы командаластары арқылы да нығая түсуде. Ол Буэнос-Айресте «Пари Сен-Жермендегі» бұрынғы серіктесі Андер Эррерамен кездесті.
Сондай-ақ, Леандро Паредес те өз досын Аргентина командасына тарту ниетін бұған дейін білдірген болатын.
Қазіргі уақытта Неймардың «Сантостағы» жағдайы тұрақсыз деп бағалануда. Оның келісімшарты 2026 жылғы желтоқсанға дейін есептелгенімен, клубтың футболшыға қомақты қарызы бар екені айтылуда.
Егер ол Бразилиядан кететін болса, MLS клубтарының біріне ауысуы да ықтимал.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!