007: First Light ойынында Radeon видеокарталары NVIDIA модельдерінен озып кетті

TechPowerUp басылымының мамандары жаңа 007: First Light ойынында 30-дан астам видеокартаны сынақтан өткізді. БАҚ пен геймерлер жылы қабылдаған бұл жобаның AMD өнімдері үшін күтпеген жерден жақсы оңтайландырылғаны белгілі болды. Бағдарламалық деңгейдегі кейбір кемшіліктерге қарамастан, Radeon карталары өздерінің тікелей бәсекелестерінен айтарлықтай озып келеді. Бұл туралы Ixbt.com хабарлайды.
Атап айтқанда, 1440p ажыратымдылығында Radeon RX 9070 моделі RTX 5070 картасын басып қана қоймай, RTX 5070 Ti көрсеткіштеріне жақындады. Назар аударарлық жайт, бұл модельдер арасындағы баға айырмашылығы екі есеге жуық. Сондай-ақ, өткен буынға жататын RX 7900 XTX моделі тіпті жаңа RTX 5080-нен де жоғары өнімділік көрсетті.
4K форматында NVIDIA карталары сәл жақсырақ нәтиже көрсеткенімен, RTX 40 сериясында түсініксіз төмендеулер байқалады. Мысалы, RTX 4070 моделі тіпті ескі RTX 3070-тен де әлсіз нәтиже тіркеп, арзан RX 9060 8GB моделіне жол берді. Жалпы алғанда, ойынның оңтайландырылуы жаман емес: Full HD ажыратымдылығында RTX 3060 картасы 40 к/с-тен жоғары, ал RTX 3060 Ti тұрақты 60 к/с жылдамдықты қамтамасыз ете алады.
Жоғары сапалы 1440p ажыратымдылығында 60 к/с жылдамдыққа жету үшін RX 7700 XT немесе RTX 4070 деңгейіндегі карталар қажет. 4K ажыратымдылығында жүктеме күрт артады — тіпті RTX 5080-нің өзі максималды параметрлерде, апскейлер мен кадр генераторынсыз шамамен 60 к/с нәтиже береді. Бұл нәтижелер ойынның визуалды сапасы мен техникалық талаптары арасындағы тепе-теңдікті көрсетеді.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!