Amazon Leo жерсеріктері Atlas V зымыранымен сәтті ұшырылды

United Launch Alliance (ULA) компаниясының Atlas V 551 зымыраны Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағынан сәтті ұшырылды. Осы миссия аясында Amazon Leo жобасына тиесілі 29 байланыс жерсерігі төменгі жер орбитасына шығарылды. AV-113 белгісімен жүзеге асырылған бұл ұшу Atlas V зымыранының бүгінгі күнге дейінгі 109-миссиясы болды. Бұл туралы хабарлайды Ixbt.com.
Amazon компаниясы өз жерсеріктер тобын ғарышқа шығару үшін ULA-мен жалпы саны 47 ұшуға келісімшартқа отырған. Оның 38-і Vulcan, ал 9-ы Atlas V зымырандарына тиесілі. Vulcan зымыранының дайын болуы кешіккендіктен, Amazon өткен жылы алғашқы прототиптерін Atlas V көмегімен ұшыруға мәжбүр болған еді.
Қазіргі таңда Amazon бірінші буын жерсеріктер тобы үшін 108-ден астам зымыран ұшыруды сатып алған. Жоспар бойынша, төменгі жер орбитасында 3200-ден астам құрылғы орналастырылады. Amazon Leo жобасы SpaceX компаниясының Starlink жүйесімен бәсекелесуді және планетамыздың шалғай аймақтарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді көздейді.
Айта кетерлігі, осы сәтті ұшырылымнан біраз уақыт бұрын Канаверал мүйісінде Blue Origin компаниясының ауыр санаттағы New Glenn зымыранына қатысты күрделі оқиға орын алған еді. Сынақ кезіндегі жарылыс салдарынан зымыран жойылып, NASA әкімшісі Джаред Айзекман қирау ауқымын тікұшақпен жеке өзі барып көрген болатын.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!