date

Сауд Арабиясында Трамптың құрметіне миллиард долларлық зәулім ғимарат салынады

Сауд Арабиясында Трамптың құрметіне миллиард долларлық зәулім ғимарат салынады

Сауд Арабиясында Дональд Трамптың құрметіне жаңа ірі ғимарат салынуда. Dar Global девелоперлік компаниясы Trump Organization-мен бірлесіп, Жидда қаласының орталығында Trump Plaza Jeddah атты зәулім ғимараттың құрылысын бастады.

Кешен бір миллиард доллар инвестиция негізінде салынуда. Онда премиум деңгейдегі тұрғын үйлер, заманауи апартаменттер, А санатындағы кеңселер және эксклюзивті таунхаустар орналасады.

Trump Organization атқарушы вице-президенті Эрик Трамп:

"Трамп Плаза Жидда жобасы Сауд Арабиясындағы қатысуымызды одан әрі кеңейтеді. Біз қонақжайлылық, заманауи тұрмыс пен белсенді бизнес ортаны үйлестіре отырып, әлемдік деңгейдегі нысан құрамыз," - деді ол.

Жаңа зәулім ғимараттың нақты іске қосылу уақыты айтылмаған. Алайда жоба Сауд Арабиясында қымбат тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығы күрт өсіп жатқан кезде жүзеге асырылуда.

Тек 2024 жылдың өзінде корольдік миллионнан астам жаңа үйлер мен жеті миллион шаршы метрлік сауда және кеңсе ғимараттарының құрылысына 1,3 триллион доллар бөлді.

Айта кетейік, Трамп отбасы Сауд Арабиясында Trump Tower Jeddah деп аталатын тағы бір зәулім ғимараттың құрылысын жүргізуде. Қызыл теңіз жағалауындағы бұл сәнді кешен 2028 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Дональд Трамптың екінші президенттік кезеңі басталғаннан бері араб монархиялары оның назарын аудару үшін коммерциялық жобалар мен ірі инвестицияларды бағыттауда. Биылғы жылдың май айында Эр-Риядқа сапары кезінде Сауд Арабиясы мен АҚШ арасында 600 миллиард долларлық келісімдерге қол қойылды.

Көрші Катар мемлекеті Трампты қуанту үшін 400 миллион долларлық люкс ұшақ сыйға тартқаны хабарланды.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Сауд Арабиясында Трамптың құрметіне миллиард долларлық зәулім ғимарат салынады