Түркияда 5 млн лиралық алтынмен жоғалған өзбекстандық келін табылды

Бұған дейін Түркияның Муғла уәлаяты Милас ауданында Өзбекстан азаматы, 28 жасар М.Б.-ның үш күн, үш түнге созылған тойдан кейін үйде қалған алтын және зергерлік бұйымдармен бірге жоғалып кеткені туралы хабар тараған еді. Бұл оқиға қоғам назарын аударғаннан кейін Өзбекстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдығы ресми мәлімдеме жасады.
Бас консулдықтың мәліметінше, М.Б. ешқайда қашып кетпеген. Ол қазіргі уақытта Милас аймағында болып, өз еркімен жергілікті полиция бөліміне барды және орын алған оқиға бойынша тиісті жауап берді.
Мәлім етілгендей, М.Б. өзіне қатысты айтылып жатқан айыптауларды жоққа шығарды. Ол той кезінде тағылған алтын бұйымдарды анасымен бірге қайын атасына тапсырғанын білдірді.
М.Б.-ның айтуынша, қайын атасы кейіннен бұл алтын бұйымдарды несие және басқа да қарыздарын төлеу мақсатында сатқанын өзара жазысуларда атап өткен. Яғни, келіннің айтуынша, алтын бұйымдар оның үйінен жасырын алынбаған, қайта қайын атасына тапсырылған.
Сондай-ақ, М.Б. тиісті жазысулар мен алтын бұйымдарды тапсыру процесі түсірілген видеоматериалдарды Түркияның құқық қорғау органдарына ұсынғанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша тараптардың бір-біріне айтқан айыптауларына қатысты Түркияның құзырлы органдары тарапынан тергеу жұмыстары жалғастырылуда. Сол себепті әзірге іс бойынша түпкілікті қорытынды жасалмаған.
Өзбекстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдығы да жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасап, жұртшылықты тергеу процесінің аяқталуын күтуге шақырды.
«Осыған байланысты, тергеу аяқталғанға дейін жағдай бойынша бір жақты қорытынды жасаудан және расталмаған ақпараттарды таратудан тыйылу сұралады. Өзбекстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдығы жағдайды бақылап отыр және қажеттілік туындағанда азаматқа белгіленген тәртіпте консулдық-құқықтық көмек көрсетеді», делінген хабарламада.



















Пікірлер 0
…