date

Сирияның жаңа басшысы Ресейден “диктаторды” қайтаруды сұрады

Сирияның жаңа басшысы Ресейден “диктаторды” қайтаруды сұрады

Сирияда саяси сахна қайта жанданды — елдің уақытша президенті Ахмад аш-Шара 15 қазан күні Мәскеуге ресми сапармен барды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл сапар Мәскеу мен Дамаск арасындағы қатынастарға жаңа серпін беруі мүмкін.

Кездесу барысында Шара Владимир Путинге Сирияның бұрынғы режимі кезінде жасалған барлық келісімдердің күшінде қалатынын және Ресейдің Тартус пен Хмеймимдегі әскери базаларын шығару мәселесі көтерілмейтінін айтты. Бұл екі база Ресейдің Таяу Шығыстағы стратегиялық нүктелері және Африкадағы операциялары үшін маңызды логистикалық орталықтар болып саналады.

Алайда дереккөздердің айтуынша, жабық есік артындағы келіссөздерде Шара 2024 жылы биліктен құлатылғаннан кейін Ресейге қашқан диктатор Башар Асадтың экстрадициясын талап еткен. Сирияда ол туралы ресми қамауға алу ордері де шығарылған. Кремль бұл мәселеге қатысты түсініктеме бермей, “бұл контексте айтатын ешнәрсе жоқ” деп мәлімдеді.

Асад бір кездері Ресейдің басты одақтасы болған. Мәскеу оны 2011 жылы басталған азаматтық соғыс кезінде билікте ұстап тұрды. 2024 жылдың желтоқсанында Ресей оған саяси қызметтен бас тарту шартымен баспана берді.

Қазіргі уақытта Асадтар отбасы Мәскеу-Ситиде тұрады. Die Zeit басылымының хабарлауынша, олар 18 пәтердің иесі және Сириядан кемінде 250 миллион доллар қаражатты Ресей банктеріне аударған. Башардың жұбайы Асма және балалары — Хафиз, Зейн және Карим де Ресейде тұрады. Хафиз Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдап, әкесі биліктен кетер алдында кандидаттық диссертациясын қорғаған.

Асадтың інісі Махир Асад та Мәскеуде тұрады. Ол бұрын Сирия армиясының элиталық 4-ші танк дивизиясын басқарған және кейінірек каптагон есірткісін өндіретін және сататын мемлекеттік наркокартельдің жетекшісі ретінде аталған.

Die Zeit мәліметінше, Башар Асад уақытын видеоойындармен өткізеді, ал Махир Four Seasons қонақүйінде тұрып, уақытын кальян шегіп, ішімдік

The New York Times басылымының жазуынша, Асад режимі құлағаннан кейін Ресейге шамамен 1200 бұрынғы сириялық офицер қоныс аударған. Олар негізінен Асадтар сияқты алави мазхабына жататын әскерилер. Олардың арасында Сирия қорғаныс министрі Али Айюб, оның орынбасары Али Аббас, әскери барлау басшысы Камал әл-Хасан бар.

Бұл адамдар азаматтық соғыс кезінде қалаларды атқылау және химиялық қаруды қолдану қылмыстарымен айыпталады. Сондай-ақ Асадтың "Баас" партиясындағы Ұлттық қауіпсіздік бюросының бұрынғы басшылары Али Мамлюк пен Кифо Малхам да Ресейде тұрады.

Махир Асад пен басқа да офицерлер 2012 жылғы Дарадағы қырғынға да жауапты. Сол кезде бес күн ішінде 700-ден астам азамат қаза тапқан еді.

Қазір Мәскеуде тұратын тағы бір атышулы тұлға - Сухайл әл-Хасан. Ол Асад армиясының арнайы күштерін басқарған және Идлиб пен Алепподағы химиялық шабуылдарға жауапты адам ретінде айтылады.

Сарапшылардың айтуынша, Ресей қазір Сирияның жаңа басшылығымен қарым-қатынасты жақсартуға тырысуда, бірақ Асад режимі қалдырған із елдің болашағы үшін ауыр саяси мұра болып қалуда.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Сирияның жаңа басшысы Ресейден “диктаторды” қайтаруды сұрады