date

Павел Дуров Луврдағы ұрлықты Францияның дағдарысы деп атады

Павел Дуров Луврдағы ұрлықты Францияның дағдарысы деп атады

Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Париждегі Лувр мұражайында болған ірі ұрлыққа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл жағдай Францияның жалпы жағдайын, яғни мемлекеттік жүйе мен қоғамдағы дағдарысты айқын көрсетеді.

"Луврда болған ұрлық мен үшін ешқандай таңқаларлық оқиға емес. Бұл - бір кездері ұлы болған елдің құлдырау кезеңіне аяқ басқанын көрсетеді. Мұнда үкімет шынайы мәселелерді шешудің орнына, адамдарды ойдан шығарылған қауіп-қатерлермен алдарқатуға көбірек уақыт жұмсап отыр," - деп жазды Дуров өз парақшасында.

Кәсіпкердің пікірінше, Луврдағы оқиға тек мәдени жоғалту ғана емес, Франциядағы қауіпсіздік жүйесінің әлсірегенін және қоғамдағы сенімнің әлсірегенін көрсетеді. Оның айтуынша, бұл жағдай елдегі мемлекеттік басқару жүйесінің терең проблемаларын да ашып көрсеткен.

Сонымен қатар, Павел Дуров оқиғаға әзілмен жауап беріп, "ұрланған әшекейлерді сатып алып, оларды Луврға қайтаруға дайынмын" деп жазған. Ол бұл сөздерімен Абу-Дабидегі Луврды меңзеп тұрғанын және: "Өйткені ол жерден ешкім ештеңе ұрлай алмайды," - деп қосты.

Айта кетейік, 19 октябрь күні белгісіз біреулер Париждегі Лувр мұражайына жұмысшы кейпінде кіріп, Наполеон дәуіріне тиесілі әшекей бұйымдар мен 9 көне экспонатты ұрлап кеткен. Франция Мәдениет министрлігі мұны ұлттық мәдени мұраға қарсы қылмыс ретінде бағалап, тергеуді халықаралық деңгейге шығарды.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Павел Дуров Луврдағы ұрлықты Францияның дағдарысы деп атады