date

Лувр мұражайынан ұрланған әшекейлердің құны жарияланды

Лувр мұражайынан ұрланған әшекейлердің құны жарияланды

Францияның астанасы Париждегі әлемдегі ең танымал мұражайлардың бірі - Луврда болған ұрлық бүкіл елді есінен тандырды. New York Times-тың жазуынша, прокуратура мен Мәдениет министрлігі бұл оқиғаны "материалдық емес, тарихи шығын" деп бағалап отыр.

Прокурор Лор Бекко ұрланған заттардың құны шамамен 88 миллион еуро екенін айтты. "Бұл, әрине, үлкен қаражат. Бірақ тарихи шығынды ақшамен өлшеуге болмайды," - деді ол журналистерге берген сұхбатында.

Ақпаратқа қарағанда, оқиға 19 октябрьде таңертең болған. Ұрылар механикалық баспалдақпен Луврдың екінші қабатына көтеріліп, терезені ашып, Аполлон галереясына кірген. Бірнеше минут ішінде олар 8 бірегей туындыны алып кетті.

Лувр мұражайынан ұрланған әшекейлер

Ұрланған заттардың арасында корольдік сафьер алқасы, зүбәржатпен безендірілген сырғалар және Наполеон III-нің әйелі - императрица Евгенияның таққан диадемасы да бар.

Қазіргі уақытта қылмыскерлер әлі қолға түскен жоқ. Тергеу ұйымдасқан қылмыстық топтың ізімен жүріп жатыр. Сондай-ақ прокуратура тергеу тобын 60-тан 100-ге дейін кеңейткенін хабарлады.

Арнайы сарапшылардың айтуынша, мұндай ұрлықтар көбінесе туындының мәдени немесе эстетикалық құндылығы үшін емес, оларды ұсақтап немесе ерітіп сату мақсатында жасалады. Прокурор Бекко да осы пікірді қуаттап, "егер заттар өртелсе немесе бөлшектерге бөлінсе, олардың шынайы құнын қалпына келтіруге болмайды," - деді.

Сонымен қатар, тергеу мәліметтері бойынша, ұрылар жүк көлігіне орнатылған электр сатысын "көшіру мақсатында" деген сылтаумен алып, тексеруге келген адамды қорқытып шетке шығарған. Бір қызығы, бұл баспалдақты жалға берген адам кейін Парижден 35 км қашықтықта орналасқан полиция бөліміне арызданған.

Франция мәдениет министрлігінің мәліметінше, ұрланған заттар сақтандырылмаған. Бұл мемлекеттік коллекциялар үшін әдеттегі жағдай - өйткені сақтандыру құны өте жоғары. Министрлік өкілдерінің айтуынша, "мемлекеттің өзі сақтандырушы рөлін атқарады, өйткені мұндай туындыларға зиян келтіру жағдайлары өте сирек кездеседі."

Қазіргі уақытта Париж полициясы бұл қылмысты елдің соңғы онжылдықтағы ең үлкен мәдени шығыны ретінде бағалап отыр. Лувр басшылығы ұрланған туындыларды қиратпау және оларды ықтимал түрде қайта табу үмітін жоғалтпағанын мәлімдеді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Лувр мұражайынан ұрланған әшекейлердің құны жарияланды