date

Крокодилдерге толы өзен Олимпиада аренасына айналады

Крокодилдерге толы өзен Олимпиада аренасына айналады

Австралия тарихында күтпеген шешім қабылданды - елдің солтүстік бөлігінде орналасқан, крокодилдерімен әйгілі Фицрой өзені 2032 жылы Брисбен қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындары аясында ескек есу жарыстарын өткізеді. Бұл туралы "The Australian" басылымы хабарлады.

Айтуынша, бұл өзен өзінің таңғажайып табиғатымен, қатты ағысымен және ең бастысы, көптеген крокодилдерімен танымал. Сондықтан жергілікті тұрғындар мен экологтар бұл шешімді қауіпті деп бағалағанымен, Олимпиада нысандарын салуға жауапты агенттік Фицройды "ең қолайлы және тартымды табиғи аумақтардың бірі" деп таныды.

Квинсленд штатының премьер-министрі Дэвид Крисафуллидің айтуынша, үкімет қауіпсіздік мәселесін қатаң бақылауда ұстайды.

"Әрбір спортшы мен қонақтың қауіпсіздігі - біздің басты басымдығымыз. Арнайы крокодилдерді бақылау жүйесі іске қосылады. Өзеннің айналасына қосымша дрондар мен қорғаныс құралдары енгізіледі," - деді ол баспасөзге берген хабарламасында.

Айта кетейік, Халықаралық ескек есу федерациясы (World Rowing) бұған дейін Фицрой өзенін жарыс өткізуге қолайсыз аймақ деп бағалаған болатын. Себебі - өзеннің су ағысындағы тұрақсыздық және жыртқыш жануарлардың болуы. Дегенмен, Австралия тарапы бұл тұрғыда жаңа жоба әзірлеген: арнайы бөгеттер, сонарлар және автоматты дабыл жүйелері арқылы өзендегі барлық ықтимал қауіп көздерін алдын ала анықтау жоспарланған.

Экологтар мұндай шешім табиғат тепе-теңдігіне әсер етуі мүмкін екенін айтады. Олардың пікірінше, жарыстар үшін үлкен көлемдегі құрылыс жұмыстары мен көлік қозғалысы жануарлардың тіршілік ету ортасын бұзу ықтималдығын арттырады.

Дегенмен, жергілікті үкімет Олимпиадаға дайындық арқылы аймақты дамытуға, туризм мен спорт инфрақұрылымын кеңейтуге ниетті екенін білдірді.

2032 жылғы Брисбен Олимпиадасы Австралия тарихындағы үшінші жазғы Олимпиада болады. Бұл жолы әлем спортшылары крокодилдер еліндегі табиғи су жолдарында күш сынасады - бұл тек жарыс емес, тарихи тәжірибе болады деп күтілуде.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Крокодилдерге толы өзен Олимпиада аренасына айналады