
АҚШ президенті Дональд Трамп Иордан өзенінің Батыс жағалауын Израильдің аннексиялау жоспарына үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Бұл туралы ол "The Time" журналына берген сұхбатында айтты, деп жазады шетелдік басылымдар.
Саясаткердің айтуынша, ол араб елдерінің басшыларына бұл мәселеде уәде берген және оны бұзу АҚШ-тың аймақтағы беделіне елеулі нұқсан келтіруі мүмкін.
"Олай болмайды, өйткені мен араб елдеріне уәде бердім. Қазір бұл мүмкін емес. Араб елдері бізге үлкен көмек көрсетті. Егер Израиль бұл қадамды жасаса, Құрама Штаттар тарапынан көрсетіліп жатқан барлық көмек тоқтатылуы мүмкін," - деді Дональд Трамп.
Бұл сұхбат 15 октябрьде берілгенімен, оның журналда жариялануы Израиль парламенті - Кнессетте Батыс жағалауға қатысты заң жобасы бірінші оқылымда қабылданған күнге тұспа-тұс келді.
22 октябрьде қабылданған бұл құжат Израильдің Батыс жағалаудағы елді мекендерге егемендігін қолдануды, яғни аумақты ресми түрде қосып алуды көздейді. Жоба толық күшіне енуі үшін тағы үш рет дауыс беру процесінен өтуі керек.
Бұл оқиға халықаралық аренада қызу пікірталас тудырды. Соңғы күндері Израильде болған АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс те бұл заң жобасын қатаң сынға алды.
"Маған мұны символикалық саяси қадам деп түсіндірді. Бірақ мен мұны ақымақ саяси трюк деп санаймын. Өз басым бұл шешімді қорлау деп қабылдадым," - деді Венц Израильден кетер алдында сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да бұл аннексиялау әрекеті Трамп әкімшілігі әзірлеген Газа секторындағы бейбітшілік жоспарына қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты.
Ақпарат үшін, Израиль парламенті биылғы жылдың июль айында да Иордан өзенінің Батыс жағалауын "еврей халқының тарихи отанының ажырамас бөлігі" ретінде мойындайтын құжатты қабылдаған еді. Бұл шешім халықаралық қауымдастық тарапынан қатаң сынға ұшырады.
Израиль 1967 жылғы соғыстан кейін басып алған Батыс жағалауда бірнеше ондаған жылдар бойы заңсыз тұрғын үйлер салып келеді. Қазіргі уақытта бұл аумақта 160-қа жуық еврей қоныстары салынып, 700 мыңнан астам еврей тұрғыны қоныстандырылған.
Халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ бұл құрылыстарды басқыншылық және халықаралық құқықты бұзу деп бағалайды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 2016 жылдың 23 декабрінде қабылдаған резолюцияда Израильден оккупацияланған Палестина жерлерінде тұрғын үй салуды дереу тоқтату талап етілген еді.
"Peace Now" адам құқықтары ұйымы да Биньямин Нетаньяху үкіметінің бұл әрекеттерін айыптай отырып, Израиль Батыс жағалауды толығымен басып алуды мақсат тұтқанын атап өтті.
Сонымен қатар, әлемнің 460-қа жуық еврей зиялылары - ғалымдар, саясаткерлер мен мәдениет қайраткерлері таратқан мәлімдемеде де Израильден оккупацияланған Палестина аумақтарында апартеид пен геноцид саясатын тоқтату талап етілген.
Сарапшылардың пікірінше, Трамптың бұл мәлімдемесі оның Израильге қарсы позицияға көшкенін білдірмейді. Керісінше, бірнеше жылдан бері Тель-Авивті стратегиялық одақтас ретінде қолдап келеді.
Еске сала кетейік, Трамп өзінің алғашқы президенттік кезеңінде - 2017 жылдың декабрінде Иерусалимді тұтастай Израиль астанасы ретінде мойындаған болатын. Бұл шешімді Палестина әкімшілігі ғана емес, Вашингтонның Еуропа одағындағы серіктестері де қатаң сынға алды.
Қазір жағдай қайта шиеленісуде: Израильдің жаңа аннексиялық әрекеттері аймақтағы бейбітшілік процесін қиындатып, Батыс жағалаудағы қақтығыстарды одан әрі ушықтыруы мүмкін екені айтылуда.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!