date

Үндістан Ресей мұнайына тапсырысты тоқтатты, жағдай шиеленісіп барады

Үндістан Ресей мұнайына тапсырысты тоқтатты, жағдай шиеленісіп барады

Үндістандағы бірқатар ірі мұнай өңдеу кәсіпорындары АҚШ-тың "Роснефть" және "Лукойл" компанияларына салған санкцияларынан кейін Ресей мұнайын сатып алу бойынша жаңа келісімшарттарды уақытша тоқтатты. Бұл туралы Reuters агенттігі өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Мәліметтерге қарағанда, Үндістандағы ең ірі энергетикалық компаниялар әзірге ресми түсініктеме мен нақты құқықтық нұсқауларды күтіп отыр. Олар жеткізушілермен келісімшарттарды жалғастыру заңды болып табыла ма, жоқ па деген мәселе бойынша үкіметпен және қаржы жүйесімен кеңесуде.

Сонымен бірге, мемлекеттік Indian Oil компаниясының басшылығы бұл шектеулер барлық түрдегі ресейлік мұнайды қамтымағанын айтып, сатып алуды тоқтатпайтынын мәлімдеді.

"Ресей мұнайының өзі санкция астында емес. Тек кейбір компаниялар мен кемелер ғана шектеулерге ұшырады. Егер бізге тыйым салынбаған компания арқылы жеткізу ұсынылса, біз сатып алуды жалғастырамыз," - деді Indian Oil қаржы директоры Анудж Джайн.

Сонымен қатар, Үндістандағы көптеген мұнай компаниялары, соның ішінде Indian Oil, әзірге өз қажеттіліктерін спот нарықтары арқылы - яғни тез жеткізілетін, ағымдағы бағадағы келісімшарттармен қамтамасыз етуде. Reuters сұхбаттастарының бірі "жеткізуші тұлғалардың санкцияға ұшырамағанына көз жеткізуіміз керек, әйтпесе банктер төлемдерді жүзеге асырмайды" деп атап өтті.

Үндістан қазір Қытаймен қатар Ресей мұнайының ең ірі сатып алушыларының бірі болып табылады. Ресми деректерге сәйкес, Ресейдің жалпы экспортының 40 пайыздан астамы Үндістан базарына бағытталған. Украинадағы соғыс басталғаннан кейін ел Ресейден мұнай сатып алуды күрт арттырды.

Алайда АҚШ үкіметі бұл үдеріске наразы. Дональд Трамп әкімшілігі бірнеше айдан бері Үндістанға қысым көрсетіп, Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатуды талап етіп келеді. Тамыз айында Трамп Үндістанға Ресейдің энергия ресурстарын сатып алғаны үшін 25 пайыздық қосымша баж салығын енгізді.

Осыдан кейін ол Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің сатып алуды азайтуға бірнеше рет уәде бергенін айтты, бірақ бұл ақпарат Үндістан үкіметі тарапынан ешқашан ресми түрде расталмады.

20 октябрьде Трамп тағы бір ауыр мәлімдеме жасады - егер Үндістан Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатпаса, ол АҚШ-қа экспортталатын үнді тауарларына "үлкен баж салығы" сақталатынын мәлімдеді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай Үндістанның энергетикалық нарығына ғана емес, бүкіл әлемдегі мұнай саудасының тепе-теңдігіне әсер етуі мүмкін. Егер Үндістан шынайы санкцияларға қосылса, Ресей мұнайын сатудың жаңа бағыттарын іздеуге мәжбүр болады - бұл экономикалық ғана емес, саяси шиеленісті де күшейтеді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Үндістан Ресей мұнайына тапсырысты тоқтатты, жағдай шиеленісіп барады