date

Британ королі інісі Эндрюді ресми түрде титулдарынан айырды

Британ королі інісі Эндрюді ресми түрде титулдарынан айырды

Ұлыбритания королінің інісі, принц Эндрю барлық ресми атақтарынан айырылды, енді ол Виндзор сарайындағы корольдік резиденциясын да тастап кетеді. Бұл туралы 30 октябрьде Букинхем сарайы ресми мәлімдеді.

Мәлімдемеде айтылғандай, принц Эндрюге Royal Lodge деп аталатын резиденцияны жалға алу келісімшартын бұзу туралы ресми хабарлама жіберілген. Оның орнына енді Эндрю Норфолк графтығында орналасқан Сандринхем иелігіне көшеді. Оның өмір сүру шығындарын король III Карл өз қаражатынан жеке өзі өтейді деп хабарланды.

Бұл шешім принц Эндрюдің есімін ұзақ жылдар бойы көлеңкеде қалдырған жанжал - америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейнге қатысты жыныстық айыптаулар аясында қабылданды. Естеріңізге сала кетейік, Эпштейн 2019 жылы түрме камерасында өзін-өзі өлтірген күйде табылған және оған кәмелетке толмағандарды сатумен айналысты деген айып тағылған болатын.

Букинхем сарайының хабарлауынша, принц Эндрю айыптауларды жоққа шығаруды жалғастыруда, бірақ король III Карл оның барлық ресми атақтарынан бас тарту туралы шешім қабылдады.

"Бұл шаралар қажет деп саналды. Король кез келген зорлық-зомбылық құрбандарымен және жәбірленушілерімен бірге екенін қатаң түрде атап өтеді," - делінген сарай мәлімдемесінде.

Эндрюдің есіміне қатысты сыни пікірлер қайтадан өршіді, өйткені жақында марқұм Вирджиния Джуфре туралы естеліктердің жарық көру қарсаңында ол Эпштейн арқылы 17 жасында ханзадамен жыныстық қатынаста болғанын мәлімдеген үзінділер көпшілікке жарияланды.

Сарай мәліметінше, енді ханзада ресми түрде "Эндрю Маунтбеттен-Виндзор" деген атпен аталады. Бұл оған қатысты ресми "ханзада" атағының жойылуын білдіреді.

Естеріңізге сала кетейік, Эндрю биылғы жылдың қазан айында Йорк герцогы атағынан бас тартқанын жариялады. Оған қатысты шаралар 2022 жылы-ақ басталған, сол кезде ол бірқатар әскери және құрметті атақтарынан айырылып, корольдік міндеттерінен шеттетілген еді.

Сонымен қатар, атақтан айыру оны тақ мұрагерлігі тізімінен шығармайды. Эндрю қазір де Британ монархиясының мұрагерлік тәртібінде сегізінші орында тұр.

Сарапшылардың пікірінше, король Чарльздің бұл батыл қадамы монархияның беделін сақтау және қоғамдық сенімді қалпына келтіру үшін маңызды саяси және моральдық сигнал ретінде қабылдануда. Ұлыбритания жұртшылығы бұл оқиғаны "корольдік беделін қалпына келтіру жолындағы қадам" деп бағалауда.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Британ королі інісі Эндрюді ресми түрде титулдарынан айырды