date

Мысырда адамзат тарихындағы ең ірі мұражай ашылды

Мысырда адамзат тарихындағы ең ірі мұражай ашылды

Каир қаласында 20 жылдық күту мен бірнеше рет кешіктірілген жобаның аяқталуы - құны 1 миллиард долларды құрайтын "Ұлы Египет мұражайы" (Grand Egyptian Museum) көпшілікке есігін ашты.

Бұл ғимарат әлемдегі ең үлкен ежелгі өркениет мұражайы ретінде тарихқа енді. Онда 50 мыңнан астам сирек кездесетін экспонаттар, соның ішінде перғауын Тутанхамонның кесенесінен табылған барлық байлықтар алғаш рет толық көрмеге қойылды.

Президент Абдул Фаттах ас-Сиси ашылу салтанатында мұны "адамзат мәдениетінің тарихындағы қайталанбас оқиға" деп атады. Оның айтуынша, бұл мұражайда ежелгі мысырлықтардың данышпандығы мен заманауи ұрпақтың шығармашылығы үйлесім тапқан.

Жаңа мұражай жылына 5 миллионға жуық саяхатшыны қабылдай алады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш оны әлемдегі ең көп баратын мәдени орталықтардың біріне айналдыруы мүмкін. Салыстыру үшін, Францияның әйгілі Лувр мұражайына 2024 жылы 8,7 миллион адам келген.

Пирамидалардың жанында бой көтерген бұл заманауи сәулет ғажайыбы үшбұрышты пішінімен ерекшеленеді. Ғимараттың ішкі жағында алты қабатты баспалдақ ежелгі мүсіндермен безендірілген. Мұражайдың құрамында үлкен конференц-зал, заманауи кітапхана, балалар мұражайы, демалыс орындары мен мейрамханалар жұмыс істейді.

Алайда кейбір әйгілі экспонаттар әлі көрмеге қойылмаған - Розетта тас әзірге Лондонның Британдық мұражайында, ал Нефертити мүсіні Берлиндегі Neues мұражайында сақтаулы. Мысырлықтар бұл артефактілерді отанына қайтару мәселесін қайта көтеріп жатыр.

Жоба 2005 жылы басталып, саяси тұрақсыздық пен пандемияға байланысты бірнеше рет тоқтап қалған. Мұражай 2024 жылдың қазан айында ішінара іске қосылды, бірақ Израиль мен Иран арасындағы соғыс салдарынан салтанатты ашылу кейінге қалдырылды.

Енді "Ұлы Египет мұражайы" 4 ноябрьден бастап күнделікті сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Ересектер үшін кіру билеті 1 450 египет фунтына, яғни шамамен 27 еуроға тең деп белгіленген.

Египет үкіметі бұл мұражайды ұлттық мақтаныш қана емес, сонымен қатар ел экономикасына үлкен үлес қосатын туризм орталығы ретінде қарастырады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Мысырда адамзат тарихындағы ең ірі мұражай ашылды