date

АҚШ-тың Украинаға қысымы күшейіп, Еуропа қатты алаңдаулы

АҚШ-тың Украинаға қысымы күшейіп, Еуропа қатты алаңдаулы

Вашингтонда Украина бойынша қабылданған жаңа позиция Еуропа астаналарында қатты алаңдаушылық тудырды. АҚШ армиясының министрі Дэниел Дрисколл Киевте өткен жабық диалогта президент Дональд Трамптың "бейбітшілік жоспары" бойынша АҚШ ешқандай "икемділікке" бармайтынын ашық айтты. Financial Times-тың жазуынша, кездесудің атмосферасы "өте нашар" болған, еуропалық дипломаттар бұл қысымнан қатты алаңдаған.

Шара АҚШ-тың Украинадағы уақытша өкілі Джули Дэвис резиденциясында өтті. Дрисколлдың айтуынша, АҚШ әскері Украинаға құрметпен қарайды, бірақ майдандағы жағдай "өте ауыр" екенін де жасырмайды. Ол қазір бейбітшілікке қол жеткізу қажеттілігі өзекті екенін, бірақ АҚШ Трамп жоспарының мәнін талқылауға кіріспегенін айтты.

Кездесуде Джули Дэвис те қатаң мәлімдеме жасады. Оның пікірінше, Украинаға қанша көмек көрсетілсе де, ресурстардың да шегі бар. Сонымен қатар, Ресейдің күшті өнеркәсіптік әлеуетінің болуы майдандағы жағдайды ұзаққа созуды қиындатады. Дэвистің айтуынша, "қалай болғанда да, бір күні Киев келісімге қол қоюға мәжбүр болады."

Дрисколл мен Дэвис екеуі де Трамп белгілеген мерзім - 27 ноябрьге дейін Украинаның "бейбітшілік жоспарына" келісім беруі керектігін тағы да еске салды. Бұл талап еуропалық дипломаттар арасында қатты сынға ұшырады. FT дереккөздеріне сүйенсек, кейбір елшілерде АҚШ қазіргі саяси жағдайды пайдаланып, Зеленскийдің әлсіреген нүктесін қысымға алуға тырысуда деген пікір қалыптасқан.

Бірқатар Еуроодақ елдерінің өкілдері Трамп жоспарын Ресей үшін стратегиялық жетістік, ал Украина үшін үлкен қауіп ретінде қарастыруда. Бұған жауап ретінде АҚШ өкілдері Ресейдің соңғы екі жылда миллионға жуық әскерін жоғалтқанын (Вашингтонның есептеулері) мысалға келтіріп, мұны "жеңіс" деп атау дұрыс емес екенін айтты.

Кездесу соңында еуропалық елшілер Киевті келіссөздерге мәжбүрлеудің орнына Ресейге қысым күшейтілуі керек екенін айтты. Бірақ АҚШ тарапы бұл ұсыныстар аясында да Трамп жоспарының шарттары Украина үміт арта алатын "ең жақсы мүмкіндік" екенін айтуды жалғастырды.

Киевтегі бұл өткір диалог Йоханнесбургтегі G20 саммитінде де пікірталастарды қыздырды. Италия премьер-министрі Джорджа Мелони, Франция президенті Эммануэль Макрон және Урсула фон дер Ляйеннің қатысуымен кешіктірілген келіссөздерде Еуропа көшбасшылары АҚШ президентін талаптарды жұмсартуға көндірудің жолын іздеді.

FT дереккөздеріне сүйенсек, кейбір шенеуніктер: "Енді Трамптың құлағына сыбырлап жатқандар тыныштықты тоқтатып, ашық дауыспен сөйлейтін уақыт келді," - деген қорытындыға келген.

Келіссөздер жалғасуда, бірақ Еуропа мен Америка арасындағы қарым-қатынаста жаңа тәртіп, жаңа қысым және жаңа қарама-қайшылықтар пайда болып жатқаны барлық тараптар үшін айқын сезілуде.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » АҚШ-тың Украинаға қысымы күшейіп, Еуропа қатты алаңдаулы