Ресейде өзбекстандықтар үшін мал шаруашылығы жерлері бөлінуі мүмкін

Ресейдің Иркутск облысы аумағында ірі қара мал өсіру мақсатында өзбекстандық инвесторлар үшін ауыл шаруашылығы жер телімдері бөлінуі мүмкін. Бұл туралы Sputnik хабарлады.
Мәліметтерге сәйкес, бұл жаңалық Ресейдің Иркутск облысының экономикалық даму және өнеркәсіп министрі Виктор Сышковскийдің қатысуымен өткен Өзбекстан мен Иркутск облысы арасындағы өңіраралық ынтымақтастыққа арналған брифинг барысында белгілі болды.
Иркутск облысы аумағында ірі қара мал өсіру үшін ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу бастамасы талқылануда. Жоспарға сәйкес, бұл аймақта өндірілген өнімдер кейіннен Иркутск облысы мен Ресей нарығына, сондай-ақ Өзбекстанға жеткізілуі мүмкін.
Сышковскийдің атап өтуінше, өзбекстандық инвесторлар аталған жобаларға қатысуға дайын.
Виктор Сышковскийдің мәлімдеуінше, Әндіжан облысымен қол қойылған келісім аясында арнайы «жол картасы» бекітілген. Құжатта нақты міндеттер мен оларды жүзеге асыру мерзімдері белгіленген.
Басым бағыттар ретінде Иркутск облысында республикалық Сауда үйін ашу, сондай-ақ ірі жеміс-көкөніс логистикалық орталығын құру жоспарланған.
Иркутск облысы Өзбекстанға негізінен ағаш өнімдерін, алюминий, IT-шешімдер мен басқа да тауар түрлерін экспорттайды, ал Өзбекстаннан жеміс-көкөніс, техника, ыдыс-аяқ және қаптама материалдары импортталады.
Сондай-ақ, сәуір айының ортасында Өзбекстан тарапы Беларусьтен 4 мың гектар егістік алқабын ұзақ мерзімді жалға алып, оның негізінде мал шаруашылығы жобасын жүзеге асыру жоспары туралы да хабарланған болатын. Қашқадария облысы делегациясының Беларусь Республикасына сапары аясында осындай экономикалық келісімге қол жеткізілген.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!