Сурияда Башар Асад ісі бойынша сот процесі басталды

Сирияда бұрынғы президент Башар Асад пен оның үкіметінде қызмет еткен шенеуніктердің ісі бойынша сот процестері басталды, деп хабарлайды France 24.
Мәлім етілгендей, 2026 жылғы 26 сәуірде аталған іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Сириядан кетіп қалған Башар Асад пен оның інісі Махер Асадқа қатысты сот сырттай жүргізілуде.
Сонымен қатар, олардың туысы әрі бұрынғы қауіпсіздік қызметкері Атиф Наджиб сот отырысына кісенделген күйде қатысты. Судья Фахр ад-Дин әл-Ариян атап өткендей, бұл процестер өтпелі кезеңдегі сот төрелігі аясындағы алғашқы қадам болып табылады.
Оның айтуынша, бұл істер қамаудағыларды, сотқа қатысып жатқан айыпталушыларды және әділ соттан жасырынып жүрген тұлғаларды да қамтиды.
Дереккөздердің мәліметінше, бұл тыңдаулар болашақта Асад пен басқа да жоғары лауазымды тұлғалардың үстінен өткізілетін негізгі соттарға дайындық кезеңі болып табылады.
Атиф Наджиб 2025 жылғы қаңтарда, Асад үкіметі құлатылғаннан кейін қолға түскен. Ол 2011 жылы Дераа аймағындағы жаппай тұтқындаулар мен қысым көрсетулерге басшылық етті деп айыпталуда.
Сирияда 13 жылға созылған азаматтық соғыс жарты миллионнан астам адамның өмірін қиып, миллиондаған адамды өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр етті. Жаңа үкімет Асад дәуірінде жасалған қылмыстар бойынша әділдікті қамтамасыз етуге уәде берген.
Келесі сот отырысы 2026 жылғы 10 мамырға белгіленген.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!