Үндістанда ер адам әпкесінің шотынан ақша алу үшін оның мәйітін қазып алып, банкке апарған

Үндістанда ер адам әпкесінің мәйітін қазып алып, оның есепшотынан 211 доллар шешіп алу мақсатында банкке апарды. Бұл туралы New York Post хабарлады.
Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде кеңінен таралды. 50 жастағы Житу Мунда әпкесінің қайтыс болғанын дәлелдеу арқылы оның шотындағы қаражатты пайдаланбақ болған.
Алайда ол банкке өлімді растайтын қажетті құжаттарды ұсына алмаған.
Мәлім етілгендей, ол қаңтар айында 56 жасында қайтыс болған әпкесі Калра Мунданың шотынан шамамен 20 мың рупий (211 доллар) шешіп алуға әрекеттенген. Мунда орамалға оралған мәйіт қалдықтарын Одиша штатының Кеонджхар ауданында орналасқан Odisha Grameen Bank филиалына алып келген.
Билік өкілдерінің мәліметінше, ер адам әпкесінің шотындағы ақшаны алу үшін өзін заңды мұрагер ретінде рәсімдеу тәртібін толық түсінбеген.
Оқиғадан кейін билік өкілдері Мундаға қаражатты заңды түрде алу процесін аяқтауға көмектесті. Ал әпкесінің мәйіті полицияның бақылауымен қайта жерленді.
Odisha Grameen Bank төрағасы оқиғаны “өте өкінішті жағдай” деп бағалап, қызметкерлерден ережелерді қатаң сақтауды талап етті.
Банк өкілдерінің айтуынша, қызметкерлер Мундаға қаражатты алу үшін қайтыс болу туралы куәлік пен мұрагерлік құқығын растайтын құжаттар талап етілетінін түсіндірген. Бірақ ол бұл талаптармен келіспей, кейінірек әпкесінің мәйітімен банкке қайта келген.
Бұл жағдай банк қызметкерлері мен клиенттер арасында үрей туғызған, содан кейін жергілікті полицияға хабар берілген.
Мундаға бұл оқиға бойынша ешқандай айып тағылмағаны хабарлануда.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!