date

Украина шабуылдарынан кейін Ресейде генералдар ауыстырылды

Украина шабуылдарынан кейін Ресейде генералдар ауыстырылды

Ресейдің әскери жүйесінде тағы бір ірі кадрлық өзгеріс орын алды. Ресей президенті Владимир Путиннің шешімімен генерал-полковник Виктор Афзалов елдің Әуе-ғарыш күштерінің қолбасшысы қызметінен босатылды. Бұл туралы ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.

Мәлім болғандай, Афзалов бұл қызметті 2023 жылдан бері атқарып келген еді. Ол бұл міндетке Сергей Суровикиннің орнына тағайындалған болатын. Енді оның орнын генерал-полковник Александр Чайко басты.

РБК басылымының дереккөздеріне сәйкес, Александр Чайко бұған дейін әуе күштерінің бас қолбасшысы ретінде қызмет атқарған және Ресей армиясында үлкен тәжірибесі бар маман саналады.

54 жастағы генерал Мәскеу облысында дүниеге келген. Ол Мәскеу жоғары жалпыәскери қолбасшылық училищесін бітіріп, әскери жолын барлау взводының командирі ретінде бастаған. Кейіннен әртүрлі басшылық қызметтерде істеп, Батыс әскери округінің 1-ші танк армиясының қолбасшысы дәрежесіне дейін көтерілген.

Сондай-ақ, Александр Чайко 2001 жылы М.В. Фрунзе атындағы Қарулы күштердің жалпыәскери академиясын, 2012 жылы Бас штабтың Әскери академиясын бітірген.

2019 жылы ол құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары және Бас штаб бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Сол жылы генерал Сирияға іссапармен жіберіліп, онда 2021 жылдың маусымына дейін Ресей әскери тобына жетекшілік етті.

«Известия» басылымының мәліметінше, Александр Чайко 2020 жылы Ресей Батыры атағымен марапатталған.

Кейбір сарапшылар мен БАҚ өкілдерінің пікірінше, бұл кадрлық ауыс-түйіс Украина қарулы күштерінің Ресей аумағындағы стратегиялық нысандарға жасап жатқан дрон шабуылдарының белсенділігімен байланысты болуы мүмкін.

Атап айтқанда, соңғы айларда Ресейдің отын-энергетикалық инфрақұрылымы бірнеше рет шабуылға ұшырады. Наурыз айында Балтық жағалауындағы порттарға жасалған соққылар мұнай жеткізу процестеріне әсер еткені айтылуда.

Сәуір айында Ресейдегі тоғыз мұнай өңдеу зауытына қарсы барлығы 20 шабуыл тіркелген. Дереккөздерге сәйкес, олардың бесеуінде өндірістік процестер уақытша тоқтатылған.

Әсіресе, Туапсе қаласындағы нысандардың бірнеше рет соққы астында қалуы, сондай-ақ Пермь аймағындағы «Транснефть» және «Пермнефтеоргсинтез» кәсіпорындарына жасалған шабуылдар үлкен талқыға түсуде.

Әзірге Ресей билігі кадрлық өзгерістердің дәл осы оқиғалармен байланысты екені туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда сарапшылар елдің әскери жүйесіндегі мұндай өзгерістердің артында қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы қысымның күшейгенін болжап отыр.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Украина шабуылдарынан кейін Ресейде генералдар ауыстырылды