Австралия жағалауындағы жұмбақ металл шарлардың қайдан келгені анықталды

Австралия ғарыш агенттігі (ASA) елдің солтүстігіндегі Квинсленд жағалауына шығып қалған жұмбақ металл шарлардың ықтимал көзін анықтағанын мәлімдеді. Мамандардың пікірінше, бұл нысандар ғарыш зымырандарының ұшуында қолданылатын қысым баллондары болуы мүмкін.
Өткен демалыс күндері Таунсвилл қаласының солтүстігінде орналасқан Форрест-Бич жағалауынан алты ірі металл шар табылды. Бастапқыда олардың ғарыш қоқысы болуы мүмкін деген болжам айтылған еді. Енді Австралия ғарыш агенттігі бұл нысандардың белгілері мен сыртқы пішіні зымыран тасығыш бөліктеріне сәйкес келетінін хабарлады.
Қазір агенттік халықаралық ұйымдармен бірлесіп, бұл зымыранның қай елге тиесілі екенін ресми растау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Квинсленд өрт сөндіру қызметі табылған заттардың айналасында 50 метрлік қауіпсіздік аймағы құрылғанын хабарлады. Жергілікті тұрғындардан күдікті нысандарға жақындамау, оларға тиіспеу және дереу төтенше жағдайлар қызметіне хабарлау сұралды.

Интернет қолданушылары арасында шарлар ғарыш аппараттарының жанармай бактары болуы мүмкін деген болжам да тарады. Мамандар олардың ішінде жанғыш немесе қауіпті химиялық заттар қалуы ықтимал екенін жоққа шығармайды. Сондықтан арнайы қорғаныш киіміндегі топтар шарларды полиция бақылауымен қауіпті қалдықтарға арналған арнайы контейнерлерге орналастырды.
Форрест-Бичтегі жергілікті кәсіпкер Лиза Скоби бұл оқиға тыныш аудан тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырғанын атап өтті.
Австралия ғарыш агенттігінің мәліметінше, шарлардың орналасуы мен сипаттамалары жақында орбитадан атмосфераға қайта енген шетелдік зымыран бөлшектеріне сәйкес келеді.
Бұл Австралия жағалауында алғаш рет байқалып отырған мұндай оқиға емес. 2023 жылы Үндістан Батыс Австралия жағалауынан табылған алып металл күмбездің елдің PSLV зымыран тасығышына тиесілі екенін растаған еді. Сондай-ақ, 2011 жылы Намибиядан да осындай металл шар табылған. Мамандар оның ұшқышсыз зымыранға тиесілі гидразин отынының багы болуы мүмкін екенін айтқан.



















Пікірлер 0
…