Қытайлық электромобильдер Еуропа нарығында рекорд орнатты

Қытайлық автоөндірушілер Еуропаның электромобиль нарығындағы өз ықпалын күрт арттыруда. Сәуір айында қытайлық брендтерге тиесілі электромобильдер сатылымы екі еседен астам өсіп, 38 мың данаға жетті.
Бұл нәтиже қытайлық компанияларға Еуропадағы электромобиль нарығының 15 пайыздан астам бөлігін иеленуге мүмкіндік берді. Bloomberg деректері бойынша, қытайлық автокомпаниялар тек электромобиль сегментінде ғана емес, сонымен қатар Еуропа автокөлік нарығының жалпы көлемінде де 10 пайыздық үлеске жақындап келеді.
Әсіресе, сыртқы қуат көзінен зарядталатын гибридті автокөліктер бағытында қытайлық брендтер өте белсенді. Бұл сегментте олардың үлесі шамамен 29 пайызды құрады. Бұл еуропалық сатып алушылар арасында Қытайда өндірілген гибридті және электромобильдерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, қытайлық автокомпаниялардың Еуропа нарығына белсенді түрде кіруіне ішкі нарықтағы күшті баға бәсекелестігі мен пайданың азаюы себеп болуда. Сондықтан өндірушілер жаңа нарықтар арқылы өсуді жалғастыруға тырысуда. Ал Еуропа олар үшін қазір ең маңызды бағыттардың біріне айналуда.












Пікірлер 0
…