
Америка доллары құнының төмендеуі Өзбекстан экономикасына айтарлықтай үнем алып келді. Бұл туралы 24 қазан күні Орталық банк басқармасы төрағасы Тимур Ишметов хабарлады.
Оның сөзінше, мемлекеттік сыртқы қарыздарды өтеуде 1,3 триллион сом, корпоративтік сектор міндеттемелерінде 3,6 триллион сом үнемделген. Жалпы алғанда, ұлттық валютаның нығаюы нәтижесінде экономикаға 4,9 триллион сом пайда әкелген.
Тимур Ишметов өз сөзінде ұлттық валютаның АҚШ долларына қатысты нығаюының жағымды әсерлерін толығырақ түсіндірді. Атап айтқанда, банк жүйесінде айналымдағы сом көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 34 пайызға өсіп, 271 триллион сомға жеткен.
Сонымен қатар, инфляциялық күтілімдер төмендеуде. Биыл басында 14-15 пайыз болған инфляциялық күтілімдер қазіргі уақытта 12 пайызға түскен.
Валюта бағамындағы өзгерістерге тәуелділік екі есе азайған. Қаржы жүйесінің долларлану деңгейі де төмендеуде.
Несие портфелінде долларлану деңгейі 41 пайыздан 37 пайызға, депозиттерде 26 пайыздан 23 пайызға түскен. Импорттық тауарлар бағасының өсу қарқыны да баяулап, 6,1 пайызды құрады.
Сыртқы сауда құрылымын талдағанда, экспорттың шамамен 15 пайызы ($3 миллиард) және импорттың 40 пайызы ($14 миллиард) валюта бағамы динамикасына байланысты. Экспорт көрсеткіштеріне валюта бағамынан бөлек халықаралық нарық бағалары, өндіріс тиімділігі, тарифтік және бейтарифтік кедергілер, сондай-ақ бәсекелестік ортасы сияқты факторлар әсер етеді.
Орталық банк басшысы валюта бағамы бойынша нақты мақсат немесе көрсеткіштер қойылмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бағам нарықтық қағидаттар негізінде қалыптасады және негізгі экономикалық факторлардың әсерінде өзгереді.
Осы жылдың алғашқы тоғыз айында сом АҚШ долларына қатысты 6,6 пайызға нығайды, бұл 852 сомға күшеюді білдіреді. Нығаюдың үлкен бөлігі қыркүйек айына сәйкес келген.
Экономист Миркомил Холбоевтың пікірінше, қыркүйектегі сомның нығаюы дамушы елдер арасында ең айқын нәтижелердің бірі болды. Сарапшылар бұл жағдайды доллардың жаһандық әлсіреуімен, алтын экспорттарының өсуімен және тұрақты ақша аударымдарының көбеюімен байланыстыруда.
Бұған дейін Халықаралық валюта қоры Өзбекстан Орталық банкіне валюта бағамының икемділігін арттырып, оның кең ауқымда өзгеруіне мүмкіндік беруді ұсынған еді. Маман пікірінше, бұл қадам ел экономикасының сыртқы соққыларға тиімді қарсы тұруын және ақша-несие саясатының тиімділігін арттырады.
Үкімет бұл ұсыныстарды оң қабылдады. Сонымен бірге, Стратегиялық реформалар агенттігі директорының бірінші орынбасары Абдулла Абдуқодиров ұлттық валюта бағамын "нарық қағидаттарына сәйкес емес" деп бағалады.
Оның сөзінше, алтын экспорты ел экспортының 38 пайызын құрайды және бұл ұлттық валюта бағамы алтын саудасынан түскен табыс есебінен қолдау тауып отырғанын көрсетеді. Маман Өзбекстан өнімдерінің сыртқы нарықта бәсекеге қабілеттілігі төмендеу мүмкіндігіне алаңдаушылық білдірді.
Ұлттық валюта нығаюы экономикаға 5 триллион теңге әкелді
Ctrl
 Enter
 Қате таптыңыз ба? 
 Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз Тақырыпқа қатысты жаңалықтар
  
  
  
  
  
  
  
  
  
  
  
  
  
  
 