АҚШ Иранға тиесілі 1 миллиард долларлық криптовалютаны тәркіледі

АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент жұма күні Рейган атындағы ұлттық экономикалық форумда сөйлеген сөзінде Иранның шамамен 1 миллиард долларлық крипто активтері тәркіленгенін мәлімдеді. Бессенттің айтуынша, кейбір әмиян иелері қаражаттарының жоғалғанын әлі байқамаған болуы мүмкін. «Біз олардың крипто әмияндарын тікелей бақылауға алдық. Кейбіреулері қазір жүйеге кіруге тырысып жатқан шығар және әмияндарының қолды болғанын әлі түсінбеген болуы мүмкін», — деп қосты ол. Бұл туралы Cointelegraph.com хабарлайды.
Бұл тәркілеу процесі АҚШ-тың Иранға қарсы қаржылық қысым көрсетуге бағытталған «Operation Economic Fury» (Экономикалық ашу операциясы) аясында жүзеге асырылды. 2025 жылдың наурызында басталған бұл операция Иран активтерін бірнеше бағытта нысанаға алды: Bitcoin және басқа да криптовалюталарды тәркілеу, банк шоттарын бұғаттау және еуропалық одақтастармен бірлесіп жылжымайтын мүліктерді тартып алу солардың қатарында.
Скотт Бессент Иран экономикасының қазіргі таңда ауыр жағдайда екенін атап өтті. Елде инфляция 200 пайыздан асты, азық-түлік ваучерлері таратылуда және интернет өшірілген. Сондай-ақ, Иран әскерлерінің 40-50 пайызы жалақы алмай отырғаны айтылуда. Қаржы министрінің айтуынша, АҚШ араласқанға дейін режим ай сайын 400-500 миллион долларды иемденіп, бұл қаражатты 80-ге жуық басшы арасында бөлісіп келген.
Жаңадан жарияланған 1 миллиард долларлық көрсеткіш сәуір айының соңында жарияланған 500 миллион доллардан екі есе көп. Осы арада Иран Ормуз бұғазын бақылау арқылы Bitcoin негізіндегі сақтандыру моделін енгізуді жоспарлап отыр. «Hormuz Safe» деп аталатын платформа арқылы цифрлық теңіз сақтандыруын Bitcoin-мен сату және блокчейн арқылы есеп айырысу көзделген, бұл елге 10 миллиард доллардан астам табыс әкеледі деп болжануда.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!