АҚШ-та жасанды интеллекті бар крипто-боттар арқылы 12 миллион долларлық алаяқтық әшкереленді

АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы (SEC) Техас штатының тұрғынын 150-ге жуық инвестордан 12,3 миллион USD қаражатты заңсыз иемденді деп айыптады. Нейтан Фуллер өзінің Privvy Investments және Gateway Digital Investments компаниялары арқылы жасанды интеллектке негізделген сауда боттарының көмегімен кепілдендірілген табыс уәде етіп, ірі алаяқтық схемасын жүзеге асырған. Бұл туралы Cointelegraph.com хабарлайды.
SEC мәліметінше, Фуллер инвесторларға 30-45 күн ішінде 40%-дан 50%-ға дейін, ал кейбір жағдайларда небәрі 21 күнде 100%-дан жоғары пайда табуға уәде берген. Ол өзінің жасанды интеллект боттары әртүрлі крипто платформаларда жоғары жиілікті арбитраждық сауда жасайтынын алға тартқан. Сондай-ақ, қаражат FDIC тарапынан сақтандырылғаны туралы жалған ақпарат беріп, адамдарды сендірген.
Шын мәнінде, жиналған 12,3 миллион USD-нің кемінде 6,2 миллион USD-сі Фуллер тарапынан жеке қажеттіліктерге жұмсалған. Қалған 5,5 миллион USD жаңа инвесторлар есебінен ескі инвесторларға төлем жасалатын Понци схемасы (қаржы пирамидасы) қағидаты бойынша пайдаланылған. Схеманы жасыру мақсатында инвесторларға жалған есептер мен қолдан жасалған құжаттар ұсынылып келген.
Бұл жағдай жасанды интеллект пен крипто технологияларының жамылғысымен жасалып жатқан қылмыстардың бір бөлігі. Өткен жылы да SEC осыған ұқсас 14 миллион USD-лік алаяқтық схемасын әшкерелеген болатын. Қазіргі таңда реттеуші Фуллерге қатысты тұрақты тыйымдар қоюды, заңсыз тапқан пайданы тәркілеуді және азаматтық айыппұлдар қолдануды талап етуде.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!