date

Жүз жыл ішінде адам бас сүйегінің өзгергені анықталды

Жүз жыл ішінде адам бас сүйегінің өзгергені анықталды

Соңғы жүз жыл ішінде адам ағзасында тек өмір салты ғана емес, сонымен қатар сыртқы құрылымға қатысты кейбір биологиялық өзгерістер де байқалып жатқаны ғылыми зерттеулерде атап өтілуде. Осындай жұмыстардың бірі уақыт өте келе адам бас сүйегі пішінінің айтарлықтай өзгеріп бара жатқанын көрсетті.

Бұл қорытындылар жапониялық антропологтар жүргізген ауқымды ғылыми зерттеу нәтижелеріне негізделген. Олар ХХ ғасырдың басында өмір сүрген адамдар мен қазіргі заман өкілдерінің бас сүйек құрылымын салыстырып шықты.

Зерттеу нәтижелері беделді ғылыми басылымдардың бірі — «American Journal of Biological Anthropology» журналында жарияланды.

Ғалымдар 1900–1920 жылдары қайтыс болған адамдардың бас сүйегінің компьютерлік томография деректерін қазіргі заманғы — 2022–2024 жылдары өмір сүрген жапон халқының сканерлерімен салыстырды. Талдау барысында нақты нәтижеге қол жеткізу үшін 3D модельдеу және 161 анатомиялық нүкте негізінде терең өлшеулер жүргізілді.

Нәтижелерге сәйкес, жүз жыл ішінде адам бас сүйегінің құрылымы сәл «домалақтанған» пішінге ие болған. Бұрын жиі кездесетін сопақша пішін қазіргі ұрпақта айтарлықтай азайған.

Бұдан бөлек, бет бөлігінде де өзгерістер байқалған: жақ сүйектері тарылып, жоғарғы жақ сәл кеңейген, ал мұрын құрылымы жіңішкеріп, алға шығуы күшейген. Маңдай құрылымында қысқару, құлақ артындағы сүйектерде салыстырмалы түрде үлкею жағдайлары тіркелген.

Зерттеу авторы Сиори Усуидің пікірінше, мұндай жылдам өзгерістерді қарапайым биологиялық эволюциямен түсіндіру қиын. Оның айтуынша, негізгі фактор — өмір салтының өзгеруі: балалық шақтағы тамақтану сапасының жақсаруы, денсаулық сақтау деңгейінің артуы, сондай-ақ жұмсақ тағамдарды тұтынудың көбеюі адамның бет сүйектеріне тікелей әсер еткен болуы мүмкін.

Қызықты жайттардың бірі — ерлер мен әйелдер арасындағы анатомиялық айырмашылықтардың керісінше күшейгені. Ерлерде қас үсті сүйектері мен беттің алға шығу деңгейі айқынырақ қалыптасса, әйелдерде бұл көрсеткіштер салыстырмалы түрде жұмсақ көрініске ие болған.

Бұл заманауи өмір салты жыныстар арасындағы айырмашылықты азайтады деген бұрынғы болжамдарға сәл қайшы нәтиже болып шықты.

Зерттеушілер бұл үрдіс тек Жапонияға ғана тән болмауы мүмкін екенін де атап өтуде. Олардың пікірінше, ұқсас өзгерістер басқа елдерде де кездесуі ықтимал, алайда бұл тұрғыда қосымша және ауқымдырақ ғылыми ізденістер талап етіледі.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Пайдалы » Жүз жыл ішінде адам бас сүйегінің өзгергені анықталды