Өзбекстанның Кеден комитеті жолаушылардың қолайлылығы үшін жаңа электрондық қызметті іске қосты. Комитеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, енді жолаушылар кедендік декларацияны қағаз түрінде емес, смартфон арқылы онлайн түрде толтыра алады.
Бұл үшін арнайы “Yo‘lovchi deklaratsiyasi” атты мобильді қосымша әзірленді. Қосымша Android (Play Market) және iOS (App Store) жүйелерінде қолжетімді.
Пайдаланушы паспорт деректерін енгізгеннен кейін декларацияның кейбір бөлімдері автоматты түрде толтырылады. Сондай-ақ жолаушы кіретін немесе шығатын елі туралы, алып өтетін ақшасы, бағалы заттары және басқа тауарлар туралы мәліметтерді қосымша арқылы енгізе алады.
Тағы бір ыңғайлы тұсы – SIM картасы бар құрылғылардың 15 таңбалы IMEI кодтарын қолмен терудің қажеті жоқ, қосымша арқылы сканерлеу жеткілікті.
Қазір жүйе “Ташкент” халықаралық әуежайында сынақ ретінде жұмыс істеп тұр. 2025 жылдың 1 қарашасынан бастап электрондық декларация барлық шекара бекеттерінде толық іске қосылады.
Кеден комитетінің мәліметінше, жақын арада шекара посттарына инфокиоск құрылғылары орнатылады және олар арқылы да декларация жіберуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ пайдаланушылар үшін тегін Wi-Fi аймақтары ұйымдастырылады.
Ұйымның айтуынша, декларацияны онлайн толтыру қағаз түрінде толтырған кездегі қателер мен кідірістердің алдын алады.
Айта кетсек, жолаушылар декларациясының мобильді қосымшасы Өзбекстан президентінің 2025 жылғы 25 наурыздағы №57 жарлығына сәйкес әзірленген. Оның басты мақсаты – шекарадағы адам ағынын жеделдету және бюрократиялық кедергілерді азайту.
Енді әрбір азамат шекарадан өтер алдында декларациясын қосымша арқылы толтырып, уақыт пен жүйкесін үнемдей алады.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!