«Цифрлық махалла» арқылы «қызыл» және «сары» аумақтар бақылауға алынады

Махаллалардағы мәселелерді «көзбояушылықпен» емес, нақты сандар мен көрсеткіштер негізінде өлшеу, әр аумаққа жеке тәсілді күшейту жоспарлануда. Осы мақсатта «Цифрлық махалла» электрондық платформасы арқылы махаллаларды әлеуметтік-экономикалық өлшемдер бойынша бағалау тәжірибесі жолға қойылады.
Ұсынылып отырған бастамаға сәйкес, платформада махалла өміріне әсер ететін маңызды бағыттар — инфрақұрылымның жай-күйі, кәсіпкерлік белсенділік, кедейлік, жұмыссыздық, қылмыс деңгейі, жанжалды отбасылар және халықтың өтініштері сияқты көрсеткіштер талданады. Осы талдаулар нәтижесінде махаллаларды шартты түрде «қызыл», «сары» және «жасыл» санаттарға бөлу көзделген.
Яғни мәселесі көп, жұмыс кейін қалып жатқан аумақтар «қызыл» санатқа түсуі, жағдайды жақсартуды қажет ететін жерлер «сары» болып саналуы, ал тұрақты, көрсеткіштері салыстырмалы түрде жақсы махаллалар «жасыл» санатқа енгізілуі мүмкін. Мақсат бір — мәселені жасыру емес, оны анықтап, нысаналы шешім табу.
Сондай-ақ тиісті аудан немесе қала әкімдері «қызыл» және «сары» санаттағы әр махалла бойынша көрсеткіштерді жақсартуға бағытталған жылдық бағдарлама әзірлеп, оны бекітіп, жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыруы белгіленуде. Бұл әр махалла кесімінде мақсат, міндет және жауапкершілік нақты айқындалады деген сөз.
Бастамада тағы бір маңызды қыр бар: әрбір көрсеткіш саласы бойынша тиісті мемлекеттік органдарды бекіту көзделген. Мысалы, жұмыссыздық — бір мекеме, инфрақұрылым — басқа ұйым, қылмыс — бөлек жауапты құрылым бақылауында болады. Ең бастысы, «қызыл» және «сары» махаллалардағы көрсеткіштерді жақсарту үдерісі әкімдіктердің, министрліктер мен ведомстволардың жұмысын бағалау өлшемі ретінде де қарастырылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, әлеуметтік даму және инфрақұрылым бағдарламаларын, салалық жоспарларды, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жылдық жұмыс бағдарламаларын әзірлеуде «қызыл» және «сары» махаллалардың мәселелерін бірінші кезекте шешу басым міндет ретінде қойылуы жоспарлануда.
Қысқасы, «Цифрлық махалла» платформасы арқылы махаллаларды «қай жерде не ауырып тұр» деген сұраққа нақты жауап беріп отыратын жүйеге айналдыру көзделіп отыр. Егер бұл іс қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жұмыс істесе — «қызылдан» «жасылға» өту енді сөзде емес, нәтижеде болады.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!