Ташкентте жалған косметолог ерлі-зайыптылар сотталып, қамауға алынды

Ташкент қаласының Чиланзар ауданында жалған косметолог ерлі-зайыптылардың қызметі тоқтатылды.
Мәлім болғандай, ерлі-зайыпты “косметологтар” Чиланзар ауданының Арча көшесіндегі көп қабатты үйлердің жертөлесінде бет терісіне хирургиялық операциялар жүргізіп келген. Яғни олар арнайы рұқсат пен заңды негіздерсіз, бейресми жағдайда “операциялар” жасап, адамдардың денсаулығын қауіпке тіккен.
Жүргізілген операциялардан зардап шеккен бірнеше әйел тиісті органдарға ерлі-зайыптыларға қатысты шағым түсірген. Осы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, Чиланзар аудандық сотында ерлі-зайыпты косметологтарға қатысты қылмыстық іс қаралған.
Сотқа қатысқан жәбірленуші әйелдің айтуынша, ер косметолог мас күйінде оның бетін кескен. Жараның тереңдігі салдарынан өте көп қан кеткен. Кейін ер адам жұмысты әйеліне тастап, өзі шығып кеткен. Оның әйелі болса кесілген жерді лазермен күйдіруге тырысқан. Кешке басталған “операция” таңғы алтыға дейін жалғасқан. Осыдан кейін жәбірленуші әйел 5 күн бойы кома жағдайына түскен.
Осы жағдайға байланысты ер косметолог Қылмыстық кодекстің 186-бабы (қауіпсіздік талаптарына жауап бермейтін тауарларды өндіру, сақтау, тасымалдау немесе өткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету) 2-бөлім “б”, “в”, “г” тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, сот залында қамауға алынған. Оның әйеліне де осы баптар бойынша айып тағылып, 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!