Ташкент әуежайында Дубайға шығарылмақ болған 2 келіге жуық алтын тәркіленді

Фото: қауіпсіздік
Ташкент халықаралық әуежайында алтынды шетелге заңсыз алып шығу әрекетінің жолы кесілді. Жедел іс-шара МҚҚ және «Ташкент-Аэро» мамандандырылған кеден кешені қызметкерлерінің бірлескен күшімен өткізілді.
Мәлім етілгендей, «Ташкент – Дубай» бағыты бойынша ұшпақ болған, 1980 жылы Әндіжан облысында туған азаматтың жүгі тексеруден өткізілді. Ол қазіргі уақытта Ташкент қаласында тұратыны айтылуда.
Тексеру барысында оның чемоданының ішкі бөлігіне жасырылған 1 кг 923 грамм алтын құймалары табылды. Бағалы металл заттай айғақ ретінде тәркіленді.
Сондай-ақ, бұл іске 1992 жылы Ташкент облысында туған, бұрын сотталған азаматтың да қатысы болуы мүмкін екені хабарланды. Қазіргі таңда оқиға бойынша тергеуге дейінгі тексеру жұмыстары жүргізілуде.












Пікірлер 0
…