Микель Артета: “Борнмуттан” жеңілу — ауыр соққы болды…

Англия Премьер-лигасының 32-турында чемпиондық үшін күресіп жатқан “Арсенал” өз алаңында “Борнмутқа” 1:2 есебімен жеңіліп, өте маңызды үш ұпайдан айырылды. “Канонирлер” қарсыласынан тек есеп бойынша ғана емес, ойын динамикасы мен бақылау жағынан да есе жіберді.
Ойыннан кейін команда бас бапкері Микель Артета бұл жеңілісті қатаң сынға алып, оны “бетке тиген үлкен соққы” деп сипаттады. Оның айтуынша, бұл нәтиже команда үшін психологиялық әрі спорттық тұрғыдан ауыр сынақ болды.
Премьер-лиганың шешуші кезеңінде “Арсеналдың” көшбасшылығы барған сайын тұрақсыз көрініс алып жатқан шақта Артета бұл ойынды командасы толық сәтсіз өткізгенін мойындауға мәжбүр болды.
— Бұл өте ауыр. Бұл бетке тиген үлкен соққы. Енді сұрақ — біз бұған қалай жауап береміз?
“Борнмутты” міндетті түрде мойындау керек, себебі олар 11 матч бойы жеңілмей келеді. Олар жақсы ұйымдасқан. Бірінші таймда ойынды оқу мен допты қайтарып алуда қиналдық.
Қарсылас алғашқы нақты мүмкіндігін пайдаланып, біздің айып алаңымызға кірді. Рикошет пен қорғаныстағы қате әрекет голға алып келді.
Мұндай жағдайда тез арада психологиялық тұрғыдан қалпына келу керек еді. Біз ойынға қайта оралуға тырыстық, пенальтиден гол соқтық және жағдай өзгереді деп ойладық. Бірақ өкінішке қарай, бүгін өте көп түсініксіз және қателікке толы әрекеттер болды.
Осы уақытқа дейін біз өте тұрақты ойнап келдік. Футболда мұндай жағдайлар болады — қарсылас мүмкіндіктерін толық пайдаланғанын мойындау керек. Олар аз соққы жасады, бірақ максималды нәтиже алды, ал біз өз деңгейімізден әлдеқайда төмен ойнадық.
Ойыншылар қатты ренжулі, бұл қалыпты жағдай. Енді екі жол бар: не қайта тұрып күресті жалғастыру, не беріліп қою. Қазір бізге мінез бен күш қажет.
Бұл апта өте шешуші болады. Біз әлі де екі турнирде жарысты жалғастырып жатырмыз, бірақ міндетті түрде күшейуіміз керек, — деді Микель Артета.