Өзбек футболының аңызы Абдусамад Дурмонов дүниеден озды

Өзбекстан футболы ауыр қазаға ұшырады. Ұлттық құраманың бұрынғы мүшесі, елдің еңбек сіңірген спортшысы және бапкер, нағыз футбол ардагері Абдусамад Дурмонов 60 жасында өмірден озды.
Абдусамад Дурмонов 1965 жылы Термез қаласында дүниеге келген. Ол футболшылық мансабында еліміздің жетекші клубтарында өнер көрсетіп, жанкүйерлердің сүйіспеншілігіне бөленген.
Атап айтқанда, ол «Пахтакор» (1987–1989), «Сурхон» (1990–1991) және ұзақ жылдар бойы «Нефтчи» (1992–2002) командасының намысын абыроймен қорғаған.
Әсіресе, Ферғананың «Нефтчи» клубымен бірге қол жеткізген жетістіктері оның мансабында ерекше орын алады. Ол командамен бірге бес мәрте Өзбекстан чемпионы атанып, клуб тарихында өз есімін алтын әріптермен жазып қалдырған.
Сондай-ақ, Дурмонов 1992–1994 жылдар аралығында Өзбекстан ұлттық құрамасына шақыртылған. Ол 1994 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарына қатысып, тарихи жеңіске үлес қосқан футболшылардың бірі болды.
Ол тек алаңда ғана емес, өмірде де футболмен тығыз байланысты адам еді. Оның отбасы да спортқа жақын болды: інісі Рустам Дурмоновпен бірге «Нефтчиде» доп тепсе, тағы бір інісі Равшан Дурмонов «Сурхон» клубында қызмет еткен.
2002 жылы футболшылық мансабын аяқтағаннан кейін, ол бапкерлікке ауысып, өз тәжірибесін жас ұрпақпен бөлісуге бел буды. Ол «Нефтчи», «Ёзёвон лочинлари» және «Истиқлол» секілді командаларда бапкер ретінде жұмыс істеп, соңғы жылдарға дейін «Нефтчи» клубының бапкерлер штабында қызмет атқарып келген еді.
Абдусамад Дурмонов тек нәтижелерімен ғана емес, адам ретіндегі ақкөңілдігімен, еңбекқорлығымен және футболға деген адалдығымен де есте қалады. Оның есімі өзбек футболының тарихында мәңгі сақталады.