АҚШ-та 1,8 тонна тарту күшіне ие ракета қозғалтқышы сәтті сынақтан өтті

"Astrobotic" компаниясы NASA-ның Алабама штатындағы Marshall ғарыш орталығында өзінің "Chakram" ротациялық-детонациялық ракета қозғалтқышын (RDRE) сынақтан өткізуді аяқтады. Кампания аясында қозғалтқыштың екі прототипі сегіз отты сынақтан өтіп, жалпы 470 секундтан астам жұмыс істеді.
Бұл туралы Ixbt.com хабар береді.
Сынақтар барысында 300 секундқа созылған үздіксіз жану процесі ерекше атап өтілді. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл көрсеткіш бүгінгі күні ротациялық-детонациялық қозғалтқыштар үшін белгіленген әлемдік рекорд болуы мүмкін.
Әрбір қозғалтқыш 1,8 тоннадан астам (шамамен 18 кН) тарту күшін көрсетті.
Дәстүрлі сұйық отынмен жұмыс істейтін ракета қозғалтқыштарынан айырмашылығы, ротациялық-детонациялық құрылғылар сақина тәрізді жану камерасында айналатын дыбыстан жоғары детонация толқындарын пайдаланады. Мұндай технология отын энергиясын әлдеқайда тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
"Astrobotic" алдағы уақытта "Chakram" қозғалтқышын "Griffin" Ай қону модульдерінде, бірнеше рет пайдаланылатын "Xodiac" және "Hogdor" ракеталарында, сондай-ақ жаңа орбиталық тасымалдау аппараттарында қолдануды жоспарлап отыр. Инженерлер сәтті сынақтар келесі кезең үшін берік негіз болатынын атап өтті.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!