Илон Маск: Starlink V3 жылдамдығы 10 есе, сыйымдылығы 100 есе артады

Илон Маск жақын арада ұшырылуы жоспарланып отырған Starlink жасанды серіктерінің жаңа буыны туралы революциялық мәліметтерді жариялады. Жаңа Starlink V3 құрылғылары V2 моделімен салыстырғанда 10 есе көп өткізу қабілетіне ие болып, әрбір жасанды серік 1 Тбит/с-тан жоғары жылдамдықты қамтамасыз ете алады. Бұл туралы Ixbt.com хабар таратады.
Миллиардердің сөзінше, ғарышқа қазіргіден 10 есе көп аппарат ұшыру жоспарлануда. Нәтижесінде, бүкіл жүйенің жалпы сыйымдылығы 100 еседен астамға артады. Сондай-ақ, жасанды серіктердің орбита биіктігі 550 шақырымнан 350 шақырымға дейін төмендетіледі, бұл сигнал кідірісін (пинг) айтарлықтай азайтады.
Физика заңдарына сәйкес, сигналдың барып-қайту уақыты 5 миллисекундтан аз болады. Мұндай көрсеткіш Starlink қызметін планетамыздың ең шалғай нүктелерінде де талшықты-оптикалық интернет желілерімен тең дәрежеге қояды. Бұл геймерлер үшін онлайн ойындар, 8K форматындағы стримдер және қашықтан жұмыс істеу үшін идеалды жағдай жасайды.
Starlink V3 құрылғыларының алғашқы партиясы 2026 жылы Starship зымыран-тасығышының көмегімен ғарышқа шығарылады деп күтілуде. Анықтама үшін, бүгінгі таңда бұл сервистен әлемнің 160 елінде 12 миллионнан астам абонент пайдаланып келеді.



















Пікірлер 0
…